Референдум-2026

Астанада балалардың қауіпсіздігі үшін 1 400-ден астам терезе бекіткіші орнатылды

Бүгін, 09:42
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада балалардың қауіпсіздігі үшін 1 400-ден астам терезе бекіткіші орнатылды
Фото: Жансая Таңырқұл

Астанада балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстар жүріп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Құтқарушылар полиция қызметкерлері және еріктілермен бірлесіп, тұрғындар арасында тұрақты түрде түсіндіру рейдтерін өткізуде. 

«Жыл басынан бері елордада 250-ден астам профилактикалық рейд ұйымдастырылды. Іс-шаралар барысында тұрғындарға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ұсынымдар қамтылған 4 500-ден астам ақпараттық жадынама таратылды», делінген хабарламада.

Әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы отбасыларға, көпбалалы отбасыларға және кішкентай балалары бар жанұяларға ерекше көңіл бөлініп отыр. Оларға терезелерге арналған 1 400-ден астам қауіпсіздік бекіткіші тегін орнатылды.

Профилактикалық іс-шаралар барысында мамандар ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау, москит торына сенбеу, терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнату және терезе маңына жиһаз қоймау қажеттігін еске салуда.

Құтқарушылар қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау жазатайым оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік беретінін, ал балалардың қауіпсіздігі ең алдымен ересектердің мұқияттылығы мен жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтті.

Еске салсақ, елордада балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу мәселесі талқыланды.