Референдум-2026

Astana Open 3x3: Елордадағы турнирге елдің түкпір-түкпірінен 400-ге жуық спортшы жиналды

Astana Open 3x3: Елордадағы турнирге елдің түкпір-түкпірінен 400-ге жуық спортшы жиналды
Фото: Астана әкімдігі

Астанадағы Триатлон паркінде өткен Astana Open 3x3 ашық баскетбол турнирі мәресіне жетті. Додаға Қазақстанның жеті өңірінен келген 109 команда қатысып, 400-ге жуық спортшы бақ сынады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Турнирге Астана, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Петропавл қалалары мен Ақмола облысының командалары қатысты.

Үш күнге созылған жарыс барысында 189 ресми матч өткізіліп, ойындар бекітілген регламент пен 3x3 баскетболының қолданыстағы ережелеріне сәйкес ұйымдастырылды. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирдің басты мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, 3x3 форматындағы баскетболды кеңінен насихаттау, салауатты өмір салтын дәріптеу, үздік спортшыларды анықтау және өңірлер арасындағы спорттық байланысты нығайту.

Жарыс кезінде ұйымдастыру комитеті жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, қатысушылар мен көрерменнің қауіпсіздігін, медициналық сүйемелдеуді, өрт қауіпсіздігін және спорт инфрақұрылымының үздіксіз жұмысын бақылауда ұстады.

Қала әкімдігінің мәліметінше, Astana Open 3x3 турнирі қатысушылар мен қонақтардың оң бағасына ие болып, елордада бұқаралық спортты дамытуға және баскетболды кеңінен танымал етуге үлес қосқан маңызды спорттық іс-шаралардың біріне айналды.

Естеріңізге сала кетейік, Астанада 29 шілде күні «Болашақ ойындары-2026» халықаралық фиджитал-турнирі басталады.