ІІМ қаржы қызметкерлеріне алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескертті
Алаяқтардың Telegram мессенджері арқылы байланысып, өздерін мемлекеттік органдардың, компаниялар мен ұйымдардың басшылары ретінде таныстыратыны жиі кездесіп жүр. Бірақ бұл ретте олар шынайы басшылардың фотосуреттері мен деректерін пайдала бастады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Яғни, директордың, басшының немесе басқа да лауазымды тұлғаның атынан қаскөйлер қызметкерлерге шұғыл түрде көрсетілген есепшотқа ақша аударуды, қызмет ақысын төлеуді, қандай да бір тауар үшін қаражат жіберуді немесе өзге де қаржылық операцияларды орындауды талап ететін хабарламалар жібереді.
Көбіне мұндай хабарламаларды бухгалтерлер, қаржы қызметкерлері және ұйымның қаражатына қолжетімділігі бар тұлғалар алуы мүмкін.
Егер сіз осындай хабарлама алсаңыз мына кеңестерге назар аударыңыз:
-ақша аудармаңыз және қаржылық операцияларды орындамаңыз;
-міндетті түрде басшымен телефон арқылы немесе жеке байланысыңыз;
-телефон нөмірін, жіберушінің аккаунтын және хабарлама мазмұнын мұқият тексеріңіз;
-күмән туындаған жағдайда хат алмасуды тоқтатып, болған жағдай туралы басшылыққа және жауапты қызметкерлерге хабарлаңыз.
«Сіздің қырағылығыңыз ақшаңызды сақтауға және алаяқтықтың алдын алуға көмектеседі», - дейді ІІМ өкілдері.