Референдум-2026

Ақтөбелік зейнеткер Telegram-дағы жалған ботқа алданып қала жаздады

Бүгін, 16:46
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Ақтөбелік зейнеткер Telegram-дағы жалған ботқа алданып қала жаздады
Фото: Ақтөбе облысы полиция департаментінен

Ақтөбеде банк қызметкерлерінің қырағылығы мен полицейлердің жедел әрекетінің арқасында 75 жастағы зейнеткердің жинақ ақшасы интернет-алаяқтардың қолына түсуден аман қалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақтөбе ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Зейнеткердің Telegram мессенджеріне  «Динара – путь к свободе» атты боттан барлық Қазақстан азаматтарына тиесілі деген жалған өтемақылар мен әлеуметтік төлемдер туралы жалған ақпараттар келіп түскен. Жалған ақпаратқа сеніп қалған әйел 8 шілде күні банк бөлімшесіне барып, алаяқтар көрсеткен есепшоттарға зейнетақысынан қалған 120 мың теңгені аудармақ болған.

Клиенттің интернет-алаяқтардың ықпалына түскенін байқаған банк қызметкерлері бұл туралы дереу Ақтөбе облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасына хабарлаған.

«Полицейлер жедел түрде банкке келіп, зейнеткермен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олар интернет-алаяқтардың қолданатын айла-тәсілдерін түсіндіріп, ақшаны аударудан бас тартуға көндірді», - делінген хабарламада. 

Банк қызметкерлері мен киберполицияның үйлесімді әрі жедел әрекетінің нәтижесінде кезекті интернет-алаяқтық дерегінің жолы кесіліп, зейнеткердің жинақ ақшасы сақталып қалды.

Полиция азаматтарды мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таралатын «өтемақы», «әлеуметтік төлем» немесе «жеңіл табыс» туралы жалған ақпаратқа сенбеуге шақырады.

Еске салайық, бұған дейін интернет-алаяқтықтан зардап шеккендерге 4,8 млрд теңге қайтарылғаны туралы жаздық.