«ДосболLIKE» бағдарламасының аралық қорытындысы жарияланды

Бүгін, 09:19
Айман Нығмет Айман Нығмет
«ДосболLIKE» бағдарламасының аралық қорытындысы жарияланды
фото: Сұлтан Сейіт

Оқу-ағарту министрлігінің «Өркен» Балалардың әл-ауқаты ұлттық ғылыми-практикалық институты «ДосболLIKE» антибуллингтік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы бойынша аралық қорытындыларын ұсынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Диагностикалық сауалнамаға бағдарламаға қатысушы пилоттық мектептерден 20 мыңнан астам оқушы, ата-аналар мен педагогтер қатысты.

Респонденттердің айтуынша, олардың психологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларға қатысу белсенділігі бағдарлама басталған уақытпен салыстырғанда бес есеге артқан.

Нәтижелер көрсеткендей, пилоттық мектептерде оң өзгерістердің тұрақты динамикасы байқалады:

• мұғалімдер мен оқушылар арасындағы қарым-қатынас жақсарған;

• мектепте көмектесуге дайын ересектер бар екенін сезінетін балалар саны үш есе өскен;

• оқушылар арасындағы қарым-қатынас мейірімділік пен достыққа құрылуда;

• балалар арасында мазақтау үшін лақап есімдермен атау жағдайлары азайған;

• педагогтер әкімшілік пен әріптестер тарапынан қысымға сирек ұшырайтын болған.

Айта кетейік, отандық «ДосболLIKE» антибуллинг бағдарламасы биыл 1 қыркүйектен бастап барлық мектептер мен колледждерге енгізіледі. Қазіргі таңда бағдарлама еліміздің тоғыз өңірінде 50 мектепте апробациядан өтуде.