Италияның Миланындағы «Сан-Сиро» деген атпен белгілі бір барғанда 75 мың адам сиятын ғажап стадионы «Интер» мен «Қайрат» ойнайтын кеш алдында осы қалаға жан-жақтан ағылып келе бастаған футбол жанкүйерлерінің аяқ дүбірінен-ақ теңселіп тұр. Мұндай стадионға шешініп шығып, аяқ басудың өзі қаныңды басыңа шаптырардай. Осы жағынан өзіміз шашбауын көтеріп келген «Қайратымызды» бір жағынан аяймыз, бір жағынан қайрай түсеміз.
«Тойдың болғанынан, боладысы қызық» дегенің осы футболға да қарап айтылғандай. Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің төртінші турында «Интерге» қонаққа Қазақстанның «Қайраты» келетінін әбден әңгімелеп біткен итальян баспасөзі енді жасыл алаңға екі командадан кімдер шығатынын қызу талқылап жатыр.
Ауызы көпіргендердің бәрін тыңдап болсақ, алаңға мынадай құрам шығады-мыс.
«Интерден»: Зоммер, Биссек, Де Врей, Бастони, Дюмфрис, Фратеззи, Чалханоглу, Сучич, Ди Марко, Мартинес, Эспозито. Өздері «бас бапкер болып алған» журналистер бұл команда 3-5-2 жүйесімен ойнайды деп соғады.
Байқасаңыздар, құрамда тағалаған жорғадай Тюрам, дара көріне беретін Дармиан, милы ойыншы Мхитарян жоқ. Олар жайлы әзірге ақпарат таппадық. Соған қарағанда олар бұл ойынға қатыспайтын секілді.
Жарайды, өз командасын жіліктеп-мүшелеуге итальяндар әбден үйренген-ақ шығар дейін десек, олар Оразбахтиннің орнына «Қайраттың» да құрамын белгілеп беріпті.
«Қайрат»: Анарбеков, Тапалов, Мартынович, Сорокин, Мата, Арад, Глезер, Мрынский, Жоржиньо, Громыко, Сәтбаев. Бізді 4-2-3-1 жүйесімен ойнайды деп жариялапты.
Е, әркімнің ойын басталғанша қандай құрам жариялауға да еркі бар. Бәрін Киву мен Оразбахтиннің қол қойған соңғы қағазындағы аты-жөндер шешеді емес пе?!
Футболымен ел болып отырған Бразилияда мынадай тәмсіл бар екен: «Бразилияда қанша жанкүйер бар болса, құрама команданың сонша нұсқасы бар!». Яғни, біз айтамыз, бас бапкер нүктесін қояды.
«Сан-Сироға» 75 мың жанкүйер сияды дедік қой. Соның 5 мыңдай орнына билет сатуға «Қайрат» құқылы. Бұл – УЕФА-ның заңы. Билеттер сатылып та жатыр. Бағалары Алматыдағыдай аспанда қалықтап тұрған жоқ. Шамамен 7 мың теңгеден басталады. Ал, Алматыдағы ойындарға билет құны 30 мың теңгеден басталып, 250 мың теңгеге дейін шырқағанын білеміз. «Қара базарда» ол билеттердің тәуірін 800 мың теңгеге саудалады деген де әңгіме бар. Бұл енді қараңғылық! Бір-екі ойында байып кетейік деп мақсат қою сауатсыздық та. Билеттің құны – оны сатып алып, стадионға кірген жанкүйерге қаншалықты жағдай мен жайлылық туғыза алады, ойынның көрінуі қаншалықты жақсы, жауын, жел, нөсерден қорғауы қандай, кіруі мен шығуы қаншалықты тез әрі қауіпсіз, тағы сондай көп сұрақтардың жауабына байланысты...
«Қайратты» қалпақпен ұрып аламыз...» деп желпініп жүргендер команда ішінде де, жанкүйерлер арасында да жеткілікті. Олары да заңды болар. Өткен жылғы Чемпиондар лигасының финалына жеткен команданы, биылғы үш ойынды да жеңіп, қақпасына бір доп та соққызбай, турнир кестесінің 3-ші сатысында тұрған команданы жеңеміз деп отырған біз жоқ. «Жеңілсе де тас-талқан болып ұтылып, жанкүйерлерінің жігерін жасытпағандары жөн» деп ақыл беріп жатқандардың сөзіне тоқтауға болады.
«Қайраттың» атына мақтау да жоқ емес. Ресейдің бір басылымы: «Қайрат» айды аспанға шығарды-ақ! Бүгінге дейінгі жарыс кестесін қараңдаршы: Чемпиондар лигасында дардай атаққа жетіп жүрген «Бенфика», «Аякс» секілді командаларда соқыр таяқ та жоқ, ал «Қайрат» бір ұпаймен олардың төбесінен қарап тұр!» - деп жазыпты.
...Сөз шіркін таусыла ма. Бүгін жанкүйер біткен «Сан-Сироға» ағыла бастайды. Бұл даңқты стадион сонда ғана теңселуін тоқтатып, аунап-көшетін болады. Біз де сол аунап-көшкен адамдар толқынының арасында боламыз. Арасында болғанда, толқын біткеннің жалына жабысып, тереңіне шым батып кетпеуге тырысамыз, айқайға басамыз, жер тепкілейміз! Сіздер де ел жақтан қосыла дауыстап, «Қайраттың» жауырынынан демеңіздер! Келістік пе? О, тамаша, сәл болса да жеңілдеп қалдым.
«Интер» - «Қайрат» матчын бүгін сағат 00:50-де Qazaqstan телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Несіп Жүнісбайұлы
спорт журналисі