Премьер-министр Олжас Бектенов ендігі негізгі міндет жиналған өнімді сақтау және тиімді бағамен өткізу екенін атап өтті. Ол үшін астықты дер кезінде кептіріп, қамбаға құйып алу маңызды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Барлық астық қабылдау кәсіпорындары өнімді үздіксіз қабылдап, тұрақты режимде жұмыс істеуге тиіс. Сақтаудың технологиялық талаптарын үнемі бақылауда ұстаңыздар.
Көлік министрлігі «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірге өнімнің үздіксіз тасымалын ұйымдастырып, жылжымалы құрамды беру кестесінің қатаң сақталуын қамтамасыз етуі керек. Фитосанитариялық қызмет астықты сақтау мен өткізудің барлық сатысында оның сапасын тұрақты бақылауда ұстасын.
Сауда және Ауыл шаруашылығы министрліктері жиналған өнімді тиімді өткізу, оның ішінде дәстүрлі нарықтармен қатар, жаңа шетелдік нарықтарға да экспорт көлемін ұлғайту үшін тиісті шаралар қабылдауы керек», - деп тапсырды Олжас Бектенов.