ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Үкімет отырысында қант қызылшасын зауыттарда қабылдау мәселесін көтерді. Премьер-министр өткен жылы осы салада мәселелер туындағанын еске салып, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктердің назарын қант қызылшасын қабылдау және өңдеу мәселесіне аударды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өткен жылы 25 мың гектар алқаптан 1,3 млн тонна қант қызылшасының рекордтық өнімі жиналғанын хабарлады.
«Біз егіс алқаптарын әртараптандырдық және қант қызылшасын егуді 19 мың гектарға дейін қысқарттық. Бүгінгі таңда 43%-ы жиналды, 363 мың тонна өнім алынды, оның 277 мың тоннасы өңдеу зауыттарына жөнелтілді. Қазір үш кәсіпорын жұмыс істейді. Меркеге 300 мың тонна, Ақсуға – 300 мың тонна және Көксуға – 250 мың тонна бағыттауды жоспарлап отырмыз. Шаруаларға барлық қажетті көмекті жергілікті әкімдіктер көрсетуде», - деді ауыл шаруашылығы министрі.