Моңғолиядан ешкілердің бір бір басы шамамен 50 мың теңгеден сатып алынуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Ол кісімен Моңғолияға (бұрынғы Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу) барғанда 500 мың ешкі алуға келіскенбіз. Қазір ол мемлекет жабық. Оны ашу үшін біраз қағаз құжаттарын дайындап, бір қолайлы облысын таңдаймыз. Ол үшін орынбасарым бастаған комиссия Моңғолияға барып, инспекция жасайды. Содан кейін ешкілерді әкеле бастаймыз. Иә, олар түбітті ешкілер. Сондықтан аламыз деген шаруашылықтар бар», - деді министр БАҚ өкілдерінің сауалына жауап беріп.
Оның сөзінше, ешкілер мемлекет қаражатына сатып алынбайды. Шаруаларға несиелер беріледі.
«Абай, Алматы облыстары ешкі сатып алуға қызығушылық танытып отыр. Сондықтан келісімшартқа отырғаннан кейін жеткізе бастаймыз. Меніңше, жазға қарай болады. Өйткені келісімшартқа отыруға, инспекция жасауға, тексеруге біраз уақыт керек. Ешкіні қандай бағамен сатып алатынын шаруалар өздері келіседі. Орташа 50 мың теңгенің маңайында болады», - деді Айдарбек Сапаров.