Қазақтың ұлттық зияткерлік ойыны – тоғызқұмалақтың халықаралық өрісі тағы да кеңейді. Бүгін Пәкістан Ислам Республикасының астанасы Исламабад қаласында осы елдің Тоғызқұмалақ федерациясы ресми түрде ашылып, Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шараға Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Мақсат Раманқұлов, Қазақстан Тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әкім Тұрсұн, атқарушы директор Серік Ақтаев, сондай-ақ Қазақстанның Пәкістан Ислам Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Ержан Қыстафин қатысты.
Жиналыс қорытындысы бойынша Пәкістан Тоғызқұмалақ федерациясының президенті болып Пәкістан Ішкі істер вице-министрі Давуд Бареаш сайланды.
Бұл бастаманың жүзеге асуына Қазақстан елшілігінің белсенді қолдауы зор болды. Елшілік бастамасымен Исламабадта салынып жатқан «Достық» спорт кешенінде қазақтың ұлттық спорт түрлері – қазақ күресі мен тоғызқұмалақ тұрақты түрде дамытылатын болады. Кешен пайдалануға берілгеннен кейін Пәкістанның басқа ірі қалаларында да осындай орталықтар ашу жоспарланып отыр.