Бокстан Бейжің Олимпиадасының чемпионы, қазіргі таңда жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Бақыт Сәрсекбаев өз парақшасына жазба жариялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ол өзінің парақшасына Мырза Еркінбекпен бірге түскен суретін жариялап, жазбасына мынадай пікір қалдырды:
«Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш! Бүгін Мырза інім Түркістанға келді. Жастар құрамасының оқу-жаттығу жиындарын, алдағы әлем чемпионатына дайындығын көріп, сәттілік тіледі!
Ағайын, жауапты жарыс алдында алып қашпа қысыр әңгімені тоқтатып, жастарымызға демеу көрсетейік!
Төртеу түгел болса, төбедегіні аламыз!», - делінген жазбада.
Еске сала кетейік, кеше Қазақстан бокс федерациясының өкілі Мырза Еркінбектің әлеуметтік желіде пікір қалдырғаны белгілі болды.
Ол:
«Сыншылар, қайдасыңдар? Ал, жалғастыра беріңдер» деп, Бақыт Сәрсекбаев пен Айдар Шәрібаевты белгілеген. Сондай-ақ ол артынша: «Біз бұл адамды жастар құрамасына тағайындаған жоқпыз. Оның пайдасынан зияны көп. Сіздер ол жақта немен айналысып жатқандарыңызды да білмейсіздер. Мен шындықтың бәрін білемін. Жақында естисіздер», - деп жазған.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы қатысатын жастар арасындағы әлем чемпионаты 16 қазанда Черногорияның Будва қаласында басталады.