Абай облысы Ақсуат ауданы Ойшілік ауылының кіреберіс жолына жөндеу жұмыстары сапасыз жүргізілген. Ақсуат ауданының әкімі Ерсін Ескендіров жақында аталған учаскеге барып, жөндеу жұмыстарының барысымен танысу кезінде мердігердің сапасыз жұмысын әшкереледі, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Нәтижесінде «ПМК Құрылыс» ЖШС мердігер ұйымы жүргізіп жатқан асфальт төсеу жұмыстарының сапасы сын көтермейтіні белгілі болды.
«Ойшілік ауылына кіреберістегі аудандық маңызы бар жолдың шамамен 11 шақырымы асфальтталу керек еді. Алайда мердігер компанияның салғырттығынан қазір жол жөндеу жұмыстары тоқтап тұр. Жұмыс сапасы талапқа сай болмайынша ешқандай қабылдау болмайды. Игерілмеген қаржы облысқа қайтарылады. Келесі жылы жұмыс қайта жанданып, толықтай қалпына келтірілуі тиіс», - деді аудан басшысы.
Тексеру кезінде жолдың астына битум қабаты төселмегені анықталды.
Жоспар бойынша биыл бұл жол учаскесінде тек жолдың негізін дайындау көзделген болатын. Алайда мердігер компания белгіленген талапты бұзып, шамамен 500 метр жерге асфальт төсеп үлгерген. Бұл жұмыс қазір тоқтатылды.