Астаналық балабақша қызметкерлері қаржылық сауатын арттырды

Астаналық балабақша қызметкерлері қаржылық сауатын арттырды
Фото: Василий Крась

Бүгін Астанада мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне арналған қаржылық және цифрлық қауіпсіздік тақырыбында форум өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қаладағы №100 мектепте өткен іс-шараны Қаржылық мониторинг агенттігінің Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастырды. Оған Астана қаласы Білім басқармасы мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің басшысы Лаура Әлеуханова, Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасы басшысының орынбасары, Экономикалық тергеп-тексеру қызметінің подполковнигі Айсұлу Жалғасова, Астана қаласы прокуратурасы басқармасының басшысы Айжан Аймағанова, Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері Ербағлан Полатов, қаржы сарапшысы Дулат Мыңбаев және 400-ден астам балабақша қызметкері қатысты.

«Бұл қаржылық форум «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында мектепке дейінгі білім беру жүйесі қызметкерлерінің қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Ол қаржылық пирамида, алаяқтық секілді заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Бүгінде күнделікті өмірде мұндай қауіптер кездесіп отыр. Сондықтан әрбір қызметкердің құқықтық және қаржылық сауатының болуы – аса маңызды. Аталған идеологияны жүзеге асыру барысында Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қолдауымен №42, 54, 47, 26, 63, 25  балабақшада 300-ден  астам ата-ана қауымымен кездесу ұйымдастырылды. Сонымен қатар №42 балабақшада Сарайшық ауданы бойынша 50-ден астам балабақша қызметкеріне арналған қаржы сауаттылығы бойынша кездесу өткізілді. Бұл жұмыс қоғамда заңдылықты сақтау, қаржы сауаттылығы деңгейін  арттыруға бағытталған маңызды қадамдар деп есептейміз. Білім басқармасы атынан аталған департамент басшылығы өкілдеріне алғыс білдіреміз», - деді Астана қаласы әкімдігінің Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің басшысы Лаура Әлеуханова.

«Заң мен тәртіп» мәдениетін қалыптастыру мақсатында Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тарапынан халық арасында тұрақты негізде ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары жүргізіліп тұрады.

«2021 жылдан бастап елімізде 100-ге жуық қаржы пирамидасы жойылды, олардың азаматтарға келтірген шығыны – 37 млрд теңге. 86 мың салымшы анықталды. Ал 226 адам сотталды. Бұл қаржы пирамидасы екені нақты дәлелденіп, сотқа жолданғаны. Ал одан басқа әлі дәлелденбей жатқаны бар. Осындай қылмысты жасағандарға Қылмыстық кодекстің 217-бабына сәйкес, мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қаржылық пирамиданы қалай анықтауға болады? Біріншіден, олар ештеңе істемей, жоғары табыс келетініне уәде береді. Мәселен, сізден жүздеген пайыз немесе одан да жоғары табыс ұсынса, онда ойлану керек. Екіншіден, жаңа клиенттерді тарту. Сізге таныстарыңызды, туысыңызды, әріптестеріңізді шақырғаныңыз үшін жоғары бонус берілетіні айтылады. Үшіншіден, компания Қазақстанда тіркелмеген болмаса жақында ғана тіркелген. Сонымен қатар, халықтан қаражат тартуға лицензиясы болмауы мүмкін. Ал лицензиясы бар ұйымдардың тізімі ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ресми сайтында жазылған. Сондай-ақ, заң жағынан келісімшарт болмайды, болған жағдайда тараптардың міндеттері мен жауапкершілігі нақты көрсетілмеген. Бұл – инвестиция салар кезде назар аудару қажет басты белгілер», - деді Айсұлу Жалғасова.

Форум барысында қаржы пирамидаларымен қоса, дипфейктерді тану, дропперлерге қарсы іс-қимыл жасау, халықтың қаржы сауаттылығын арттыру және т.б. маңызды ақпараттар айтылды.

«Өздеріңізге мәлім, өткен жылдың қыркүйек айында Қылмыстық кодекске дропперлік үшін жауапкершілік қарастыратын жаңа бап енгізілді. Материалдық сыйақы үшін үшінші тұлғаларға банк картасын беру әрекеті дропперлік болып саналады. Көрсетілген қылмысты жасағаны үшін іс-әрекеттің ауырлығына, сипатына, алынған пайда мөлшеріне қарай мүлікті тәркілей отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Мысал келтірейік, астаналық студент 10 мың теңге үшін өзінің банк картасын өзге адамға берген. Ол арқылы алаяқтар 150 миллион теңгені аударды. Ал соңында заң алдында кім жауап берді? Әрине, дроппер. Себебі тәжірибеде алаяқтарды табу көп жағдайда мүмкін емес», - деді Астана қаласы прокуратурасы басқармасының басшысы Айжан Аймағанова.

Сондай-ақ жиында Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері Ербағлан Полатов, қаржы сарапшысы, AMANAT партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасының Астана қаласы бойынша менторы Дулат Мыңбаев сөз сөйлеп, өрт қауіпсіздігі, қаржыны дұрыс жұмсаудың әдіс-тәсілдерін айтты.

«Бүгінгі таңда күнделікті өмірде, жұмыста қаржы сауаттылығы өте қажет. Сондықтан мұндай кездесулердің көпшілікке тигізер пайдасы мол. Алаяқтарға алданбаудың жолдарын білу арқылы біз дұрыс әрекет етеміз. Форумнан пайдалы әрі маңызды ақпараттар алдық. Бастысы – олар өте өзекті. Қаржылық тәуекелдерді дер кезінде анықтау үшін нақты шешімдер айтылды. Осындай іс-шараны өткізген ұйымдастырушыларға алғысым шексіз», - деді Астана қаласы №40 «Бәйшешек» балабақшасының меңгерушісі Жанат Махмұтова.