Қазіргі қазақ тойына реформа керек пе – өнер қайраткерінің жауабы
Қазір отбасылық шағын іс-шараның көбі даңғазаға айналып барады. Бұл туралы ҚР Композиторлар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кентау Назарбек Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
«Қазақта негізі екі-ақ үлкен той болған: қыз ұзату мен үйлену тойы. Қазір шағын іс-шараның көбін үлкен даңғазаға айналдырып жібердік. Той адамның шамасына қарай болуы керек. Қазір кей жағдайда жастарға ата-анасы кредит алып, той жасап жатады. Ол дұрыс емес.
Тағы бір мәселе – қазір тойға адамдар шынайы ниетпен емес, есеппен баратын сияқты. Бір тойға кіріп, екіншісіне кетіп жатады. Бұрын ет жақын адамдар басынан аяғына дейін отырып, шын көңілмен қатысатын», – деді Кентау Назарбек.
Сонымен қатар композитор қазіргі таңда өнер адамдарының тойдан қолы босамай кеткенін де тілге тиек етті.
«Бұрын үлкен әншілерді халық сахнадан сағынып күтетін. Қазір көп өнерпаз екі күннің бірінде тойда жүреді. Әрине, заманның талабы шығар. Бірақ өнер адамының қадірі биік болуы керек деп ойлаймын», – деді ол.
Композитор Кентау Назарбекпен сұхбаттың толық нұсқасын Elordainfo.kz порталынан оқи аласыз.