00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Оқушылар күзгі каникулды қалай тиімді өткізе алады

Оқушылар күзгі каникулды қалай тиімді өткізе алады
Фото: Жасанды интеллект фотоиллюстрациясы

Елімізде оқу жылының I тоқсаны аяқталып, оқушылардың көптен күткен демалысы басталды. Бүгін басталған күзгі каникул 3 қарашаға дейін жалғасады. Бұл кезең – балалар үшін демалуға тамаша мүмкіндік. Алайда ата-аналарда «Бала демалыс уақытын қалай өткізген жөн?» деген сауал туындауы мүмкін. Балалар психологы Елена Кадочникова оқушылар каникул уақытын тиімді әрі қызықты өткізуі үшін пайдалы ақпараттарымен бөлісті.

Маманның айтуынша, физикалық белсенділік пен демалу арасындағы тепе-теңдікті сақтау – өте маңызды.

«Активті демалыс пен пассивті демалысты кезек-кезегімен алмастырып отырған жөн. Атап айтсақ, таза ауада серуендеу, спорттық іс-шаралар, далада ойнау өте пайдалы. Мәселен, балаларға таңертең алдымен дене жаттығуымен айналысуды немесе таңғы ас ішуді ұсынуға болады. Одан кейінгі уақытын сүйікті ісіне, хоббиіне, достармен кездесуге арнай алады. Кешке физикалық белсенділікті қажет етпейтін ойын түрлерін болмаса фильм көруді ұсына аласыз. Бұл режим зерігу мен шаршаудың алдын алады», - деп кеңес береді Елена Кадочникова.

Психолог каникул кезінде оқу мен демалудың арасындағы тепе-теңдікті сақтаған жөн екенін атап өтті.

«Демалыстағы оқу белсенділігі пайдалы болуы мүмкін. Бастысы қалыпты мөлшерден асырмай, баланың шаршамауын қадағалау керек. Шамадан тыс жұмыс істемеу үшін репетитормен сабақты аптасына 1-2 рет өткізген дұрыс. Сабақтарды мектептегідей емес, емін-еркін форматта әрі қызықты етуге болады. Мәселен, егер математика сабағы болса, онда балаға ойын арқылы үйренуге көмектесетін логикалық есептерді немесе практикалық эксперименттерді қосуға кеңес береміз. Мұндай формат демалысқа әсер етпейді әрі оқу белсенділігін қалыпты деңгейде сақтауға мүмкіндік береді», - деді психолог.

Оқу басталар алдында физикалық белсенділік пен табиғатта серуендеу керемет демалыс бола алады. Бұл туыс-туғандарына бару, саяхаттау болмаса ауладағы белсенді ойындар болуы мүмкін. Сол арқылы бала күнделікті өмір сүру дағдысын өзгерткені дұрыс. Бұл – өте пайдалы.

Ал гаджеттерді қолдануға келетін болсақ, балалар психологы бақылауды сәл босатуға кеңес береді. Бірақ ақылға қонымды шектеулер қойған жөн.

«Мысалы, ойын ойнауға немесе видеолар көруге белгілі бір уақыт бөлуге болады, ал қалған уақытты басқа нәрселерге арнаған жөн.  Смартфон-гаджеттерге уақытты шамадан тыс көп арнау өзге істерге қызығушылықтың төмендеуіне алып келетінін ұмытпаған дұрыс», - деді маман.

Сондай-ақ ол каникул – оқушылардың демалуы үшін керемет мүмкіндік дейді. Маман балалар бұл кезеңді тиімді әрі қызықты өткізу үшін уақытты алдын ала жоспарлауға кеңес берді.