Мамыр айына арналған ауа райы болжамы жарияланды


«Қазгидромет» РМК синоптиктері 2025 жылдың мамыр айына арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Синоптиктердің мәліметінше, мамыр айында ауаның орташа температурасы Қазақстанның көп бөлігінде нормадан 1° жоғары, Шығыс Қазақстан облысында, Алматы облысының оңтүстік-шығыс жартысында, Жетісу, Абай облыстарында нормаға жуық болады деп күтілуде.
Мамырда жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормадан аз, еліміздің солтүстік-батыс және солтүстік облыстарында, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарының оңтүстігінде, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Абай облыстарының оңтүстік-шығысында нормаға жақын болады деп болжанып отыр.
Мамырдың бірінші онкүндігінде республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-батысында күн күркіреп, жаңбыр жауады, екпінді жел, шаңды дауыл күтіледі, тек жекелеген күндері республика аумағында көшпелі бұлтты күн райы болжанып отыр, жауын-шашын аз түседі.
Ауа температурасы келесі диапазонда болады деп күтіледі:
елдің батысында түнде +4...+9°С-тан +9...+14°С дейін, күндіс +15...+20°С-тан +22...+30°С дейін;
республиканың оңтүстік-батысында түнде +10...+15°С пен +12...+20°С аралығында, күндіз +20...+25°С-тан +25...+33°С дейін;
солтүстік-батыста, солтүстікте, Қазақстанның орталығында түнде 0...+5°С, 1-6°, +8...+15°С дейін, күндіз +10...+18°С-тан +23...+30°С дейін.
республиканың оңтүстігінде ауа температурасы түнде +5...+12°C-тан +15...+20°C-қа дейін, күндіз +18...+25°C-тан +28...+35°C-қа дейін біртіндеп жоғарылайды деп күтіледі.
Мамырдың екінші және үшінші онкүндігінде республиканың басым бөлігінде ауа температурасы түнде +2...+7°С-тан +10...+15°С-қа дейін, күндіз +10...+15°С-тан +25...+30°С-қа дейін ауытқиды, түнде суық антициклон әсерінен кей күндері ауа температурасы 1-6° дейін төмендеуі мүмкін.
Республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында ауа температурасы +28...+36°С дейін көтеріледі, алайда ыстық күндердің арты салқын күндерге ұласып, ауа температурасы +20...+25°С болады, топырақ бетіне арктикалық ауа массалары енген кезде 2°-қа дейін аяз болуы мүмкін.



