Үкіметте көлеңкелі экономиканың үлесі жоғары салаларды цифрландыру ұсынылды
Салық-бюджет реформасын іске асыру шеңберінде Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметте салықтық әкімшілендіруді күшейту жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Фискалдық жүйені реформалаудың бір қадамы – экономикалық дамудың тұрақтылығына нұқсан келтіретін көлеңкелі экономикамен күресу. Кеңес барысында қаржы вице-министрі Ержан Біржанов атап өткендей, Қазақстанда соңғы бес жылда ЖІӨ-дегі бақыланбайтын экономиканың үлесі: 2019 жылғы 23,69%-дан 2023 жылы 17,52%-ға дейін тұрақты түрде төмендеп келеді. Көлеңкелі экономиканың ең жоғары үлесі көтерме және бөлшек сауда (3,53%), денсаулық сақтау (2,04%), ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы (1,96%), құрылыс (1,92%) және білім беру салаларында (1,49%).
«Көлеңкелі экономиканың көпжылдық проблемасының шешімін салалық, сот, қадағалау мемлекеттік органдарының қатысуымен фискалдық реформа арқылы көріп отырмыз. Мемлекет ресурстарының жоғалуына әкеп соқтыратын теріс қылықтарды анықтауға бірлесіп қатысу қажет», — деп атап өтті Ержан Біржанов.
2025 жылға бақыланбайтын экономика көрсеткішін ЖІӨ-ге 15%-ға дейін төмендету міндеті тұр. Ол үшін Қаржы министрлігі саланы көлеңкеден шығаруды бәсеңдететін проблемалық салалық мәселелерді мемлекеттік органдардың даму жоспарларына KPI ретінде қосуды ұсынуда.
«Мемлекеттік органдардың даму жоспарларын сервистік тәсілмен және салаларды цифрландыру арқылы жаңа қырынан қарастыру қажет. Бұл көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары шеңберіндегі іс-шараларды орындауға ресми көзқарастан кетуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдарға көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралармен өз ведомстволарының 2025-2027 жылдарға арналған даму жоспарларына KPI қосуды ұсынамыз», — деді ол.
Сондай-ақ кеңесте ХВҚ-ның Салық кодексін қайта қарау кезінде банк құпиясы бойынша шектеулерді жою жөніндегі ұсынымдары айтылды. Салықтық әкімшілендіруді күшейту шеңберінде көлеңкелі экономиканың үлесін ЖІӨ-ге есептеу әдістемесін өзгерту, салаларды, әсіресе көлеңкелі экономиканың үлесі жоғары салаларды цифрландыруды күшейту ұсынылды. Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі бұрынғы кешенді іс-шаралар жоспарының орнына күрестің көрсеткіштері төмен бес салалық мемлекеттік орган өздерінің жол карталарын әзірлейді. Басқа мемлекеттік органдарда көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралары бар KPI ведомстволарды дамытудың салалық жоспарларына енгізіледі. Қаржы министрлігі Үкіметтің осы бағыттағы барлық кешенді жұмысын үйлестіруші әрі бақылаушы ретінде көлеңкелі экономиканы бақылау жөніндегі өз функциясын күшейтетін болады.
Мемлекеттік органдардың көлеңкелі экономиканы төмендету жөніндегі барлық тәсілдері, қадамдары мен іс-шаралары Жол картасына кіргізіледі. Сонымен қатар Серік Жұманғарин Қаржы министрлігінің алдына Әділет министрлігімен, салалық мемлекеттік органдармен және «Атамекен» ҰКП-мен бірге салықтық тексерулер мен бақылаудың тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу және көлеңкелі экономиканың үлесін одан әрі төмендету жөнінде ұсыныстар әзірлеу міндетін қойды.