Жас қазақстандықтар «Мөлдір бұлақ» республикалық акциясына қатысты

Бүгін, 15:38
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Жас қазақстандықтар «Мөлдір бұлақ» республикалық акциясына қатысты
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы басталды. Акцияның ұйымдастырылуы Наурызнама онкүндігінің Тазару күнімен тұспа-тұс келді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Іс-шараның мақсаты – су көздерін, бұлақтарды, өзен-көлдер мен теңіз жағалауларын қоқыстан тазарту, жастардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Бұл игі бастамаға еліміздің барлық мектеп оқушылары, колледж студенттері мен ерікті жастар қолдау білдіруде. Акция аясында бұлақтардың көзін ашу және абаттандыру, жағалауларды тұрмыстық қалдықтардан тазарту, табиғатты аялауға бағытталған экологиялық шаралар ұйымдастырылуда.

Маңғыстау облысының студенттері де Каспий теңізінің жағалауында өткен акцияға атсалысты. Іс-шараға қатысушылар қоршаған ортаны таза ұстаудың маңыздылығын атап өтті.

Айта кетейік, алдағы бір ай ішінде «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасын табады.

Бұған дейін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына 87 мың адам қатысқанын жаздық.