Алмахан Мұхаметқалиқызы: Наурыз – тіршіліктің бастау көзі

Алмахан Мұхаметқалиқызы: Наурыз – тіршіліктің бастау көзі
Фото: Алмахан Мұхаметқалиқызының жеке мұрағатынан

22 наурыз – Наурызнама он күндігінің Жыл басы күні. Бұл ретте Elordainfo.kz тілшісі Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыздың мән-мағынасы, тарихы жөнінде абайтанушы, ақын, этнограф Алмахан Мұхаметқалиқызымен сұхбат құрды.

Алмахан Мұхаметқалиқызы, Наурыздың түпкі тарихи тамыры қай кезеңдерге барып тіреледі? Әңгіменің әлқиссасын осыдан бастасақ.

– Наурыз – ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан түркітілдес елдеріне ортақ мейрам. Халықаралық деңгейде тойланып келе жатқан Наурыздың тарихы тереңде. Бұл мейрамның мән-мағынасы зор. Қазақ әр мейрамды қалай болса, солай тойламаған. Әр мейрамның өз заңдылығы, өнегесі бар. Қар еріп, топырақ жіпсіп, жер көгеріп, көк тамырланып, күннің шуағы мейірленіп, жердің бетін нұрға бөлеп тұрған уақыт – ол Наурыз. Қазақ осының бәрін «Жаңа туған күн» деген. Жер жаңарады, ай жаңарады, жыл жаңарады, яғни бәрі жаңарады. Табиғатқа жан бітеді. Түркітілдес халықтың, оның ішінде қазақ халқының Наурызды тойлауында үлкен мән-мағына бар.

– Бұл мерекенің этнография тұрғысынан маңызы қандай?

– Бұрын ғылым дамымай тұрған кезде, яғни сағат пен ауа райын болжайтын технологияның жоқ кезінде қазақ жұлдызға қарап, күннің шығуы, айдың тууы, кештің батуы, қардың еруі деген сияқты мәселелерге қарап, табиғатпен біте қайнасқан. Дала мектебінен шыққан кез келген қазақ табиғатты таныған. Көктем мерекесінің басқа айларға қарағанда табиғатпен байланысы ерекше. Өйткені тіршіліктің бастау көзі – осы Наурыз айы. «Жаңа күн» деудің себебі де сол. Мысалы, қазіргі таңда жолаушылар діттеген жерін тез табу үшін немесе тура жолды таңдау үшін 2GIS сияқты навигаторларды қолданса, бұрынғы кезде атқа мініп жүрген қазақтар батыстан шығысқа дейінгі жолды қалай нақтылаған? Баратын бағытын қалай болжаған? Яғни сол заманда аталарымыз Үркер, Темірқазық деген жұлдыздарды бетке алып, соны бағыт қылып, баратын жерін анықтаған. Үркер жұлдызының тууы 14-22 наурыз аралығында екен. Сол Үркер туған уақыт «жаңа күн» деп саналады. Бұл Наурыз кезіне тура келеді. Үркер туғанға дейінгі бір апта «өліара» деп аталады. Оны амал деп қарастырады. Осы «өліара» кезінде жел соғу, қар жауу, тұман басу, су тасу сияқты табиғат құбылысы көп болады деседі. Осының бәрі Үркер жұлдызына тікелей байланысты. Үркер туғаннан кейін күн өткен сайын біртіндеп өзінің орнына жылжиды. Сол жұлдызды таныған қазақ әрбір Үркердің тууына қарап, күнді болжап отырған. Жаз жайлау, қыс қыстауға көшкен кезде сол Үркердің бағытына қарап, қалың су болатынын, жауын-шашынды болатынын яки қатқақ мұз болатынын – осының бәрін Үркерге қарап, болжап отырған. Үркердің тууы, Үркердің көкке шығуы, шілде... Әр айда екі амалдан болады. Наурыз айындағы екі амал, сәуір айындағы екі амал, мамыр айындағы екі амал, маусым айындағы екі амал, шілде айындағы екі амалдың бірі «жаз шілдесі» деп аталады. «Жаз шілдесінде» Үркер көкке шығады. Тал түс кезінде күннің қатты ыстық болатыны содан екен. Тамыздың соңында Үркер батады, яғни «Үркердің батуы» деген бар. Сол кезде жауын-шашын болып, салқын түседі. Жеміс-жидекті үсік шалуы осы Үркердің батуына байланысты. Сондықтан қазақтың барлық салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары табиғатпен тікелей байланысты.

– Кеңес дәуірінде Наурыздың тоқырауға ұшырауы ұлттық санаға қалай әсер етті деп ойлайсыз?

– Кеңес дәуірінде тек Наурыз емес, жалпы қазақтың салт-дәстүрі тоқырауға ұшырады. Соның әсері әлі күнге дейін сезіледі. Мысалы, қазіргі уақытта Наурызда көріп жүрген тізе бүгу, сәлем салу, аңшылыққа шығу, тоқым қағар, Наурыз көже, сүрі жеу деген сияқты әдет-ғұрып, салт-сананың бәрін қазақ халқы бұрын күнделікті тұрмыста қолданған. Ескінің соңы, жаңаның басы дегендей, еттің бір бөлігін қыс бойы ұнға орып сақтап, көктемгі уақытта асып жеу дегеннің бәрі – салт-санамызда ежелден қалыптасқан дүниелер.

– Урбанизация жағдайында (ірі қалаларда) Наурыздың форматы өзгеруі тиіс пе?

– 21-22 наурызды қарсы алғаннан кейін Наурыз аяқталмай, керісінше, әрі қарай басталады. Яғни Наурыз бір ай тойланады. Мейрам 22 сәуірге дейін жалғасуы керек. Осы уақыт аралығында әр облыс табиғаттың, климаттың өзгешелігіне байланысты Наурызды әр қырынан көрсетіп, түрлі форматта байқаулар өткізсе деп ойлаймын.

– Наурызды халықаралық деңгейде бренд ретінде дамыту қаншалықты мүмкін?

– Бұл бүкіл шығыс халықтарының көкейінде жүрген үлкен сауал әрі үміт деп ойлаймын. Бренд дегеніміз ерекшелік болса, ол ұлттық ерекшелікке айналуы керек. Наурызда көрсетілетін салт-дәстүрлеріміз тек мереке кезінде емес, жыл он екі ай бойы күнделікті өмір салтымызға енуі керек. Сонда ол халықаралық деңгейге көтеріліп, ұлтқа зор үлесі тиеді деп ойлаймын.

Сұхбатыңызға рақмет.