Астанада экоакция барысында «Таза Қазақстан» алып туы жайылды
«Наурызнама» онкүндігі аясында Астанада Тазару күні жалпықалалық экологиялық іс-шарасы өтті. Оның барысында «Таза Қазақстан» алып туын жаю перформансы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бастама аясында тазалық жұмысы Наурыз мейрамы күндері концерттер, жәрмеңкелер мен іс-шаралар өткен барлық алаңда жүргізіліп жатыр. Санитарлық тазалыққа жастар, қала тұрғындары, МИБ және ПИК өкілдері, еріктілер мен коммуналдық қызметкерлер жұмылдырылды.
Сенбілік жұмысы қаланың негізгі қоғамдық кеңістіктерінде де өтті.

Ауқымды экологиялық акциялардың бірі EXPO аумағында ұйымдастырылды. Мұнда еріктілер мен жастардың қатысуымен жаппай сенбілік өткізіліп, онда ең үлкен ту жайылды.
AMANAT партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты филиалының төрағасы Арсланбек Мағзұмның айтуынша, сенбіліктер қаланың барлық ауданында, әсіресе Наурыз мерекелік іс-шаралары өткен орындарда ұйымдастырылды.

Оның сөзінше, бұл акция халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық бастамасының бір бөлігі болды.
«Біз қала бойынша, әсіресе Наурыз өткен орындарда сенбіліктер ұйымдастырдық, өйткені жаппай іс-шаралардан кейін қоқыс қалады. Акцияға жастар мен эковолонтерлер белсенді қатысты. Бұл тек тазалық емес, бұл – тазалық мәдениетін қалыптастыру», – деді ол.
Іс-шараның ерекше сәттерінің бірі – «Таза Қазақстан» жазуы бар алып туды жаю. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ол әрбір тұрғынның қала тазалығына деген жауапкершілігін білдіріп, өзгерісті өзінен бастауға үндейді.
«Әрбір тасталған қоқыс – адамның ізі. Сондықтан әркім өз ортасына үлгі болып, ортақ үйімізге ұқыппен қарауы маңызды», – деп атап өтті Арсланбек Мағзұм.
Тазару күні сияқты акцияларды өткізу – қаланы абаттандыру және елорда тұрғындарының экологиялық санасын қалыптастыру бағытындағы маңызды жұмыс.
Еске сала кетейік, биыл Астанада Наурыз мейрамы жаңа форматта кең көлемде аталып өтті. 10 күн бойы қала бойынша ұлттық тағамдар жәрмеңкелері, концерттер, түрлі іс-шаралар, спорт жарыстары ұйымдастырылып, заманауи интерактивті алаңдар жұмыс істеді.
Биылғы мерекенің ерекшелігі – Digital-алаңдар мен жасанды интеллект элементтерін ұлттық дәстүрлерді насихаттауда кеңінен қолдану болды. Мереке дәстүр мен жаңа технологияларды үйлестіріп, елорда тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер сыйлады.
Бұған дейін Астанада Тазару күніне орай ауқымды тазалық жүріп жатқанын жаздық.