Технологиямен үндескен мереке: Астанада AI-Наурыз қалай өтіп жатыр

Технологиямен үндескен мереке: Астанада AI-Наурыз қалай өтіп жатыр
Фото: Астана қаласы әкімдігі

22 наурыз күні таңғы сағат 10:00-ден бастап Астанадағы Халықаралық EXPO көрме орталығында Наурыз мейрамы ауқымды түрде өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Басты идея – мәдени мұраны заманауи технологиялармен ұштастырып, қонақтарды жай көрермен ретінде емес, мерекенің белсенді қатысушысына айналдыру. Келушілер кіреберістен-ақ ұзындығы 12 метрлік LED-туннельге енеді. Бұл жай ғана кіреберіс емес, тұтас экспозицияның бір бөлігі: жан-жағынан қоршаған динамикалық визуалды көріністер ерекше әсер қалдырады.

Технологиялық саяхат алаңның орталық бөлігінде жалғасады. Мұнда орнатылған ауқымды LED-экранда жасанды интеллект көмегімен жасалған контент көрсетіліп, қонақтарды дәстүрлі қазақ ауылында жүргендей әсер қалдырады. Көктемгі жаңару, жылылық пен Наурыз рухы кеңінен сезіледі. 

Ең әсерлі аймақтардың бірі – «Жеті қазына» голографиялық экспозициясы. Мұнда қазақ мәдениетінің дәстүрлі символдары заманауи технологиялар арқылы жаңа қырынан таныстырылады. Жарық, қозғалыс және ауқымды эффектілердің көмегімен жеті құндылықтың әрқайсысы жеке визуалды оқиға ретінде көрініс табады.

Жеке кеңістіктің бір бөлігінде Nauryz Kitap Fair кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Мұнда қазақстандық белгілі баспалар, заманауи және классикалық әдебиеттер, сондай-ақ қазақ тіліне аударылған әлем әдебиеті ұсынылған. Автограф-сессиялар ерекше қызығушылық тудырып, келушілерге авторлармен тікелей тілдесуге, кітаптардың қалай жазылғанын білуге және сұрақ қоюға мүмкіндік береді.

 

Бұл бағытты қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының экспозициясы толықтырады. Онда елдің тарихы, тілі мен мәдени жадын бейнелейтін бірегей және сирек басылымдар қойылған.

Алаң қонақтарды спорттық іс-шаралар арқылы да қызықтырады. Интерактивті аймақта робот-қақпашы орнатылған, мұнда кез келген адам пенальти теуіп көре алады. Мұндай технологиялар кәсіби футболшылардың жаттығуында да қолданылады.

Сондай-ақ AI Sport аймағында қазақша күрес, асық ату және басқа да ұлттық ойындар технология көмегімен бейімделіп ұсынылған. Келушілер тек бақылап қана қоймай, дәстүрлі жарыстардың интерактивті нұсқаларына қатыса алады. Балалар үшін түрлі форматтағы сабақтарды қамтитын арнайы арт-кеңістік ұйымдастырылған.

Мұнда құмыра дөңгелегінде жұмыс істеуге, аквагрим жасап көруге, арнайы пластилиннен мүсін жасауға және түрлі бұйымдарды бояуға мүмкіндік бар. Кеңістік ойын мен дамуды қатар ұштастыруға бағытталған.

Мерекелік көңіл күй «Наурыз базары» азық-түлік жәрмеңкесінде де жалғасты. Мұнда «Алтын сапа» сыйлығының қатысушылары мен жеңімпаздарын қоса алғанда, отандық өндірушілердің өнімдері ұсынылған. Жәрмеңкеге Қазақстанның 50 өндірушісі қатысып жатыр. 

Ашық аспан астында да ерекше атмосфера қалыптасқан. Үлкен қазанда Наурыз көже дайындалып, жанында гастрономиялық павильондарда түрлі тағам ұсынылады – дәмді қуырдақ, хош иісті ыстық бауырсақ, тойымды палау және жаңа піскен самса.

Айтар кетерлігі, EXPO көрме орталығында мерекелік шаралар 23 наурыз күні де сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін жалғасады.