Далада 5 күн жатқан малшыны ТЖМ қызметкерлері құтқарды

Далада 5 күн жатқан малшыны ТЖМ қызметкерлері құтқарды
ТЖМ видосының скрині

Абай облысының Абай ауданында бес күн бұрын кеткен 57 жастағы ер адамның оралмағаны туралы хабар келіп түсті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ТЖМ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ол шаруа қожалығынан мал іздеуге атпен шығып, қайта оралмаған. Оның орналасқан жері белгісіз, телефоны өшіп тұрған.

Іздеу жұмысына жол талғамайтын қуатты техникамен ТЖМ күштері шықты және оған полиция қызметкерлері мен жоғалған адамның туыстары да жұмылдырылды.

Кеше таңертең іздеу тобы ер адамды далада тауып алды. Малшыға ыстық шай беріліп, жарақаттанған аяғы таңылып, медициналық көмек көрсету үшін Ақшоқы ауылына жеткізілді.

Белгілі болғандай, бес күн бұрын ол далада жатқан атты байқап қалған. Жануарды тұрғызуға көмектеспек болған сәтте ер адам аттың астында қалып, аяғын сындырып алған. Осыдан кейін ат иесінен алыстап кеткен, ал ол далада жалғыз қалған. Осы уақыт бойы ол қар жеп күн көрген.