AI Sport және робот-қақпашы: елордада заманауи технологиялар мерекенің көркін қыздырды
Халықаралық EXPO көрме орталығында дәстүр мен технология тоғысқан ерекше интерактивті алаң ұйымдастырылды. Ең тартымды локациялардың бірі AI Sport аймағы болды. Мұнда кез келген адам цифрлық көмекшілермен бірге спорттық жарыстарда өз күшін сынап көрді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қонақтардың ерекше назарын робот-қақпашы аударды. Астаналықтар пенальти сериясында өз шеберліктерін сынап, қарсылас ретінде адам емес, интеллектуалды машинамен бақ сынасты.
Робот доптың траекториясын лезде талдап, ойынды бір мезгілде әрі қызықты, әрі технологиялық етті.
Спорттық бағдарлама заманауи әзірлемелер мен ұлттық дәстүрлерді ұштастырды. Келушілер технология көмегімен жаңаша бейімделген қазақтың ұлттық ойындары – қазақ күресі, асық атудан бақтарын сынап көрді. Бұл салт-дәстүрлерге жаңа қырынан қарауға мүмкіндік берді.

Интерактивті аймақ мерекенің негізгі қызықты орындарының біріне айналып, инновациялардың дәстүрлі спортты жаңғыртып, қонақтарды Наурыз атмосферасына енуіне қалай ықпал ететінін көрсетті.

Еске сала кетейік, «Наурызнама» онкүндігі аясында елордада 200-ден астам іс-шара – концерттер мен мастер-класстардан бастап ұлттық ойындар, жәрмеңкелер және әсерлі салт-дәстүрлерге дейін өтіп жатыр.

Бұған дейін Астанада 12 метрлік LED-туннель іске қосылғанын жаздық.