Елордадан наурызға орай безендірілген пойыздар Шымкент пен Көкшетауға жолға шықты
Наурыз мейрамы күні «Нұрлы жол» вокзалының перронынан ұлттық нақышта безендірілген №85/86 «Астана – Шымкент» пойызы сапарға аттанды, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Жолаушылар тасымалы» компаниясына сілтеме жасап.
Жолаушыларды перронда ұлттық киім киген жолсеріктер қарсы алып, ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. Әрбір жолаушыға ұлттық тағам - наурыз көже мен бауырсақ ұсынылды.
Сондай-ақ, №6829/6830 «Астана – Көкшетау» және №7507/7508 «Астана – Көкшетау» бағытындағы электр пойыздары да мерекелік үлгіде безендірілді. Этностильдегі пойыздар 2026 жылғы наурыз айының соңына дейін қатынайды.


«Жолаушыларды мерекелермен құттықтау компанияның жыл сайынғы маңызды дәстүріне айналған. Ұлттық тасымалдаушы пойыздарды тақырыптық стильде безендіріп, жолаушыларға ерекше көңіл күй сыйлайды.
Аталған мерекелік акция еліміздің барлық өңірінде өткізіліп жатыр. Компания қызметкерлері мен жолсеріктер пойыз ішінде де, перрондарда да жолаушыларды Наурыз мерекесімен құттықтайды», делінген хабарламада.



Еске сала кетсек, Наурыз мейрамы кезінде жолаушылар сұранысының артуына байланысты қосымша пойыздар ұйымдастырылып, ең көп сұранысқа ие бағыттарда орын саны ұлғайтылады.