Наурыз мейрамы қарсаңында қосымша пойыздар қосылады

Наурыз мейрамы қарсаңында қосымша пойыздар қосылады
Фото: Көлік министрлігі

Наурыз мейрамы кезеңінде жолаушылар сұранысының артуына байланысты қосымша пойыздар ұйымдастырылып, ең көп сұранысқа ие бағыттарда орын саны ұлғайтылады, деп хабарлады Elordainfo.kz Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Стандартты жолаушылар вагондарынан құралған 22 рейске 3 қосымша пойыз қарастырылады:

№201/202 «Алматы-2 – Астана-1»;

№204/203 «Нұрлы жол – Шымкент»;

№205/206 «Ақтөбе – Нұрлы жол».

Сонымен қатар жолаушылар ағыны жоғары бағыттар бойынша қолданыстағы пойыздарға қосымша 230 тіркемелі вагон қосылды.

Қала маңы тасымалдары желісі бойынша Астана – Павлодар, Шу – Тараз, Астана – Атбасар, Астана – Курорт-Бурабай, сондай-ақ Қарағанды – Балқаш бағыттары бойынша 11 қосымша рейс ұйымдастырылды және Қарағанды – Балқаш бағытына 6 тіркемелі вагон қосу қарастырылған.

Жалпы, Наурыз мейрамы күндері жолаушылар үшін қосымша шамамен 45 мың орын ұсынылмақ.

Сондай-ақ еліміздің бірқатар теміржол вокзалында шағын мерекелік іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Соның ішінде жолаушыларға дәстүрлі ұлттық тағамдар ұсыну, тақырыптық фотозоналар орнату және мәдени қойылымдар ұйымдастыру қарастырылған. Бұл Наурызды мерекелеу күндері жолаушыларға мерекелік көңіл күй сыйлауға мүмкіндік береді.

Бұған дейін жолаушының пойызға үлгермей қалған жағдайда не істеу керектігі жөнінде жазған едік.