Астанада Наурыз мейрамына орай ауқымды дрон-шоу өтті
Елордадағы «Қазақ елі» алаңында өткен ауқымды дрон-шоу түнгі аспанды жарқырата түсті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қала тұрғындары мен қонақтары қазақтың дәстүрлі мұрасын бейнелейтін жарқын композицияларын тамашалады. Аспанда киіз үй, тайқазан, шұбат құйылған тостаған, түйелі керуен және асық бейнелері көрініс тапты.
Бұл образдар көшпелі мәдениетті, береке-бірлікті, күш-қуат пен ұлттық болмысты білдіреді.

Сондай-ақ аспанда көктемнің келуі мен табиғаттың жаңаруын айшықтайтын үш өлшемді қызғалдақ бейнесі пайда болды. Күн мен айдың көріністері күн мен түннің теңелгенін меңзейді.
Шоудың соңында «Наурыз құтты болсын!» деген жазу көрініс тапты.

Еске салайық, Астанада 22 наурыз күні Наурыз мейрамына арналған ауқымды іс-шаралар жалғасады. Негізгі алаңдарда ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдары ұсынылатын жәрмеңкелер мен фуд-корттар жұмыс істейді, шеберлік сабақтары мен дәстүрлі рәсімдер көрсетіледі.
Сол сияқты қазақ күресі, садақ ату, гір спорты, қол күресі және асық ату бойынша жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталады.
Бұған дейін Астанада Nauryz Kitap Fair кітап жәрмеңкесі өтіп жатқанын жаздық.