«Ханталапай» сайысына 350 мыңнан астам бала қатысты

«Ханталапай» сайысына 350 мыңнан астам бала қатысты
Сурет: ЖИ

Наурыз мейрамына орай дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «Ханталапай» ұлттық ойындар республикалық байқауы қорытындыланды. Биылғы байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 350 мыңнан астам бала қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап..

Балалардың ұлттық ойындарға қызығушылығын арттырып, қазақ халқының мәдени мұрасы мен салт-дәстүріне деген құрмет сезімін қалыптастыруға арналған байқауға ортаңғы, ересек және мектепалды топ тәрбиеленушілерімен қатар педагогтер мен ата-аналар да белсенді түрде атсалысты.

Ойындар қауіпсіздік талаптары сақталған, ұлттық нақышта безендірілген арнайы алаңдарда өтті. Қатысушылар «Асық ату», «Ханталапай», «Тоғызқұмалақ», «Тақия тартыс», «Ләңгі», «Бес тас», «Садақ ату», «Көкпар», «Қамшы тастамақ» сынды қазақтың дәстүрлі ойындарын ойнап, ептілік пен шапшаңдықтарын сынады. Кейбір ойындар заманауи форматта ұсынылып, үстел үсті нұсқалары да енгізілді.

Байқауға ата-аналар қауымдастығы да кеңінен тартылды. Олар педагогтермен бірге балаларға ұлттық ойындардың тәрбиелік мәнін, денсаулыққа пайдасын түсіндіріп, дәстүрлі құндылықтарды дәріптеуге үлес қосты.

Сайыс қорытындысында үздіктер бірнеше номинация бойынша марапатталды. Атап айтқанда, «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар», «Алтын сақа», «Үздік ұйымдастырылған ұлттық ойын», «Белсенді ойыншылар», «Тапқырлар мен ептілер» және «Үздік ойын алаңы» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталды.

«Ханталапай» байқауы ұлттық ойындарды жаңғыртуға бағытталған ірі жоба ретінде балалардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, ұлт мұрасын кеңінен насихаттауға серпін берді.