Наурыз - жаңару мен бірліктің мерекесі
22 наурыз – қазақ халқының көне дәстүрімен сабақтасқан ұлы мейрам, Наурыз мейрамы. Бұл күн – күн мен түннің теңелуі ғана емес, табиғаттың қайта түлеп, тіршіліктің жаңаратын сәті, жаңа жылдың бастауы ретінде бағаланады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Тарихи деректерге сүйенсек, Наурыз мерекесінің тамыры мыңдаған жылдарға терең бойлайды. Ол Орта Азия халықтарының тұрмыс-тіршілігімен, дүниетанымымен тығыз байланысқан. Қазақ ұғымында бұл күн – «Ұлыстың ұлы күні» деп аталып, ырыс пен берекенің, татулық пен мейірімнің бастауы саналған.
Наурыздың басты ерекшелігі – адамдар арасындағы өкпе-реніштің ұмытылып, жаңа үмітпен қауышуында. Бұл күні үлкендер бата беріп, жастар ізгі тілек айтып, көрші-қолаң бір-біріне қонаққа барады. Дастарханға ұлттық тағамдар қойылып, оның ішінде жеті түрлі дәмнен дайындалатын наурыз көже ерекше мәнге ие. Бұл – молшылық пен тоқшылықтың символы.
Қазіргі таңда Наурыз мейрамы тек тұрмыстық деңгейде емес, мемлекеттік деңгейде кең көлемде аталып өтеді. Еліміздің барлық өңірлерінде этноауылдар құрылып, ұлттық ойындар ұйымдастырылады, дәстүрлі өнер көрсетіліп, мәдени іс-шаралар өткізіледі. Бұл ретте Астанада Ұлыстың ұлы күніне орай 200-ден астам түрлі бағыттағы іс-шара ұйымдастырылып жатыр.
Сонымен қатар Наурыз – экологиялық әрі рухани жаңғырудың белгісі. Көпшілік бұл күні ағаш отырғызып, айналаны тазалап, табиғатқа қамқорлық танытуға ерекше мән береді. Бұл үрдіс мерекенің мәнін тереңдете түседі.
Жалпы, 22 наурыз – мереке ғана емес, халықтың тарихи жады мен рухани болмысының айқын көрінісі. Ол – өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір, болашаққа бастайтын үміттің нышаны.
Бұған дейін Астанада бір мезетте 5 мың музыканттың «Шернияз» күйі мен «Наурыз» әнін орындағанын жазған едік.