Боксшы Нұрбек Оралбай Наурыз мейрамына өз тілегін арнады
Бокстан Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай елордалықтарды құттықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«22 наурыз – бүкіл түркі әлемінде жыл басы болып саналатын ерекше мейрам. Бұл ата-бабамыздан аманат болып жеткен асыл мұра, береке мен бірліктің, жаңару мен жаңғырудың символы.
Күн мен түн теңеліп, табиғат түлеп, тіршілік атаулы суық қыстан аман шығып, көктемнің жылы шуағымен қайта жанданады. Наурыз – жаңа үміт пен жаңа бастамалардың бастауы.
Өткен жылдан бері Мемлекет басшысының бастамасымен Наурыз мейрамы онкүндік аясында кеңінен аталып өтуде. Соның ішінде 20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл мереке менің жаныма ерекше жақын. Көкпар тартып, бәйгеге қатысуды жақсы көремін. Осындай спорт түрлері арқылы біз ұлттық құндылықтарымызды сақтап, жас ұрпаққа өнеге көрсетеміз.
Осы жарқын мерекеде әр шаңыраққа амандық, молшылық пен береке тілеймін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болып, әрбір отбасыға қуаныш пен шаттық орнасын. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, Қазақ елі!», - деді Нұрбек Оралбай.
Айта кетейік, Нұрбек Оралбай 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында 81 келіде топ жарған. 2024 жылы Париж Олимпиадасында финалға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанды.