Халқымыздың болмысы мен салт-дәстүріне ерекше көңіл бөлінетін мейрам – Айтқали Жайымов

Халқымыздың болмысы мен салт-дәстүріне ерекше көңіл бөлінетін мейрам – Айтқали Жайымов
Фото: Филармонияның баспасөз қызметі

Көктем мен жаңарудың, татулық пен берекенің мейрамы – Наурыз мерекесі қарсаңында Қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов халқымызды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Наурызнама - бұл қазақ халқының болмысына, өмір сүру салт-дәстүріне ерекше көңіл бөлінетін бағдарлама. Онкүндік 14-23 наурыз аралығында өтіп, әр күнге Көрісу күні, Қайырымдылық күні, Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні, Шаңырақ күні, Ұлттық киім күні деген атаулар берілген. Яғни, Наурыз - жай ғана көктем мерекесі емес, ол еліміздің құндылықтарын атап өтетін, соны қастерлеп, қадірлейтін мереке. Сонымен қатар, оның жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызы өте зор деп есептеймін», - деген Айтқали Тілепқалиұлы осы жылдың ерекшелігіне тоқталды.

Өнер иесінің айтуынша, биылғы жылдың ең басты ерекшелігі – 15 наурызда жаңа Конституцияның қабылдануы. Әрі мыңжылдық тарихымызды айқындай түсетін Ата заң күнін дәл осы датаға белгіленуінің орынды екенін айтты. Сонымен қатар, ол өткен жылы да жетістіктерге толы болғанын тілге тиек етіп, алдағы жылда да еліміз үшін көп жақсылықтар күтетінін айтты.   

«Өнер саласына келсек, өткен жылда Астана қаласының Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы көптеген мәдени іс-шаралар өткізіп, халқымызды рухани байыту жолында біраз жетістіктерге жетті деуге жетуге болады. Тек қана қазақ оркестрін алатын болсақ, біз өзіміздің концерттік маусымымызды Абайдың 180 жылдығына арнадық. Сондай-ақ, былтыр айтулы композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығын фестиваль ретінде өткіздік. Алматы қаласында «Арқадан Алатауға сазды сәлем» атты үлкен концерт бердік. Басқа да қала-аудандарға концерттік бағдарламамен гострольдік сапарға шықтық.

Келер жылдан да көп жақсылық күтеміз. Жаңа Ата заңымыз белгіленген бағытта өмір сүріп, еліміздің экономикасы, мәдениеті өркендей түседі деп есептейміз. Ана тіліміз одан әрі кең құлашын жайса екен деп тілейміз. Болашақта еліміз айтулы өркениетті елдер қатарына қосалады деген сенімдеміз», - деді өнер иесі.

Профессор Айтқали Жайымов халқымызды жыл басы – Әз-Наурызбен құттықтады.

«Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесі елімізге құт-береке әкелсін деп тілеймін. Басымыз аман, еліміз тыныш болып, Наурыздан-Наурызға аман-есен жете берейік!», - деп жүрекжарды тілегін арнады.