Жетінші сынып оқушысы 9-шы сынып оқушыларының информатика олимпиадасында жеңіске жетті
Павлодар қаласындағы №38 жалпы орта білім беру мектебінің 7-сынып оқушысы Имран Құсанов республикалық ауылдық информатика олимпиадасында 1-орын иеленді. Шәкірт жетінші сынып оқушысы бола тұра, 9-сынып оқушылары арасында сынға түсіп, мектеп бағдарламасынан әлдеқайда жоғары білім деңгейін көрсетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Имран ерте жастан компьютерге, математикаға және технологияға қызығушылық танытқан. Уақыт өте келе информатика пәніне деген сүйіспеншілік оны жетістікке жетуге ынталандырды. Алгоритм есептерін шешуге ерекше қызыққан. Ал олимпиадаларға қатысу оның дамуына және кәсіби өсуіне ықпал етеді.
Республикалық информатика олимпиадасы жыл сайын еліміздің ең үздік оқушыларының басын қосады. Оларға алгоритм тапсырмалары, деректермен жұмыс және бағдарламалық шешімдер әзірлеуді қамтитын күрделі тапсырмалар ұсынылады.
Соңғы 2 жыл ішінде Имран қалалық деңгейден республикалық деңгейге дейінгі сайыс жолынан өтті. Оқушы қалалық, облыстық және республикалық олимпиадаларда сәтті өнер көрсетіп, жоғары дайындық деңгейін көрсетті.
«Олимпиадаға қатысу мен үшін маңызды тәжірибе болды. Әр кезең маған жаңа білім берді. Тапсырмалар күрделі болды, әсіресе алгоритмдерді терең түсінуді және жылдам шешім қабылдауды талап ететіндер тапсырмалар мені шыңдады. Дегенмен дәл осындай жарыстар менің дамуыма ықпал етті. Мен үшін ең маңыздысы -информатика пәні мұғалімінің жетекшілігімен атқарылған жұмысымның жоғары нәтижеге жетуі», - деді Имран.
Имранның информатикаға деген қызығушылығы оның тәлімгері, информатика пәнінің мұғалімі Ертай Соянның ықпалымен қалыптасты. Педагог №38 мектепте 2008 жылдан бері жұмыс істейді және 18 жылдық еңбек өтілі бар.

Еске сала кетсек,еліміздің былтыр «Келешек мектептері» ұлттық жобасымен 112 мектеп пайдалануға берілді.