Сенатта қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімін енгізу мәселелері талқыланды

Бүгін, 18:06
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Сенатта қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімін енгізу мәселелері талқыланды
фото: parlam.kz

Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Құжат қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімін енгізуге бағытталып отыр. Ол тауар өндірушілер мен олардың тауары туралы ақпаратқа қол жеткізудің бірыңғай орнын қамтамасыз етеді, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларының атаулы болуын нақтылай түседі. Тізілімді қалыптастыру үшін цифрлық деректерді пайдалану, ақпараттық жүйе енгізу және сараптаманы цифрландыру заңның негізгі жаңалықтары болып табылады.

Заң ішкі нарық пен отандық өндірушілерді қорғауды көздейді. Сондай-ақ өндіріс шарттарының орындалуына кешенді мониторинг енгізу және ірі тапсырыс берушілерге ел ішіндегі құндылықты дамыту бағдарламаларын іске асыру жөніндегі міндеттемелерді белгілеу шаралары да қамтылады. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының өнімдерін ұзақ мерзімді кепілдендірілген сатып алу тетігі де енгізілетін болады.

Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімін жүргізу және тауарларды ұлттық каталогта тіркеу қағидаларын әзірлеу жөніндегі жаңа міндеттерді уәкілетті органға беру ұсынылып отыр. «Стандарттау туралы» заңға тауарлар мен қызметтердің жіктелуін біріздендіру туралы ережелер енгізілді. Сондай-ақ сертификаттауға арналған өтпелі кезең қарастырылған: жаңа тетік енгізілгенге дейін берілген сертификаттар 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін күшін сақтайды.

Комитет мүшелері отырыс қорытындысы бойынша заңды Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.