00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Сенаторлар цифрландырудың артықшылығы мен қаупі туралы мәселелерді талқылады

Сенаторлар цифрландырудың артықшылығы мен қаупі туралы мәселелерді талқылады
Фото: parlam.kz

Сенат депутаттары Дархан Қыдырәлі мен Алишер Сатвалдиев «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ ұжымымен кездесті. Онда цифрландырудың болашағы, жасанды интеллекті қолданудың артықшылығы мен нейрожелілердің дамуы туындататын қауіптер туралы пікір алмасылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мемлекет басшысы осы мәселелерді «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында атап өткен болатын.

Парламентшілер Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық үйлестіру орталығы мен Телекоммуникация желілерін басқару орталығының және Компьютерлік инциденттерге әрекет ету ұлттық қызметі мен зиянды кодты зерттеу орталығының жұмыс барысымен және нәтижелерімен танысты.

«Цифрлық технология елімізде кеңінен таралуда және күнделікті өмірімізге ене бастады. Алайда, жетістіктермен қатар киберкеңістіктегі қауіп-қатер де көбейіп келеді. Осыған байланысты техникалық инфрақұрылымды жетілдіру, заңнаманы бейімдеу, білім беру бағдарламасын дамыту, жасанды интеллекті жауапкершілікпен енгізу сияқты кешенді шараларды қабылдау қажет. Мемлекет басшысы бұл мәселеге ерекше назар аударып отыр», – деп атап өтті Дархан Қыдырәлі.

Депутаттар Сенаттың заң шығару қызметі туралы хабардар етті. Сондай-ақ ұйым қызметкерлерімен кибергигиенаны дамыту, киберқауіпсіздікті арттыру үшін заңнамалық негіздерді қалыптастыру мәселесін де егжей-тегжейлі талқылады.