Референдум-2026

Елордада «Василий Тоскин: арманға толы, жасампаз қала» көрмесі ашылды

Елордада «Василий Тоскин: арманға толы, жасампаз қала» көрмесі ашылды
Фото: ҚР ПІБ Президенттік орталығы

Астанада ҚР ПІБ Президенттік орталығында «Тәуелсіздіктің мәдени коды» жобасы аясында «Василий Тоскин: арманға толы, жасампаз қала» атты архивтік-көрнекілік көрменің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Экспозиция Қазақстан Республикасының Құрметті сәулетшісі, Мәскеудегі Халықаралық сәулет академиясының академигі Василий Филиппович Тоскиннің шығармашылық мұрасына арналған. Оның кәсіби қызметі заманауи Астананың қалыптасуы мен даму тарихымен тығыз байланысты.

Көрменің ашылу рәсіміне мемлекеттік органдардың, сәулет қауымдастығының 60-қа жуық өкілі, қоғам қайраткерлері, әріптестері, көрме авторының достары мен қонақтары қатысты.

«Бүгінгі көрме – елордамыздың сәулеттік келбетін қалыптастыруға өз талантымен, кәсіби шеберлігімен және адал еңбегімен үлес қосқан азаматтарға көрсетілген құрметтің белгісі. Василий Филиппович Тоскиннің шығармашылық мұрасы Целиноградтан Ақмолаға, одан бүгінгі Астанаға дейінгі қаланың даму кезеңдерімен тығыз сабақтас. Экспозицияда ұсынылған архивтік фотосуреттер, авторлық жобалар, сызбалар мен эскиздер Тәуелсіз Қазақстанның сәулет шежіресіне айналған идеялардың қалай дүниеге келгенін айқын көрсетеді. Көрменің Астана күні қарсаңында ашылуының да өзіндік мәні зор. Бұл – ұрпақтар сабақтастығын, тарихи жадыны қастерлеудің және ел дамуы жолындағы жасампаз еңбектің маңызын дәріптейтін тағылымды бастама. Аталған экспозиция келушілердің зор қызығушылығын тудырып, Астананың қалыптасуы мен өркендеуіне үлес қосқан жандарға көрсетілген лайықты құрметтің көрінісі болады деп сенемін», – деді құттықтау сөзінде ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат.

Василий Тоскин еліміздегі сәулетшілік әулеттің негізін қалаушылардың бірі саналады. Оның қызы мен немересі де осы мамандықты таңдаған.

Әр жылдары ол Целиноград қаласының бас сәулетшісі, Целиноград облыстық атқару комитетінің құрылыс және сәулет істері бөлімінің меңгерушісі, Ақмола облысы әкімдігінің құрылыс және сәулет істері басқармасының басшысы (облыстың бас сәулетшісі), Астана қаласы сәулет және қала құрылысы департаменті директорының орынбасары қызметтерін атқарды. Сонымен қатар Целиноград қалалық Қазақстан сәулетшілер одағы ұйымы басқармасының төрағасы, Қазақстан сәулетшілер одағы басқармасының және КСРО сәулетшілер одағы басқармасының мүшесі болды. Василий Филиппович – Қазақстанның Құрметті сәулетшісі әрі Халықаралық сәулет академиясының академигі.

«Қазақстанның сәулет қауымдастығы үшін Василий Филиппович Тоскин – жай ғана көрнекті сәулетші емес, отандық қала құрылысы тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған бірегей тұлға. Мен оны жарты ғасырдан астам уақыт бойы дарынды сәулетші, өз ісіне адал, кәсіби ұстанымы берік әріптес әрі сенімді дос ретінде білемін. Оның шығармашылық мұрасы аса ауқымды әрі сан қырлы: қалалардың бас жоспарлары, елорданың сәулеттік келбетін айқындаған маңызды нысандар, интерьерлік шешімдер, графикалық туындылар мен көркем фотосуреттер. Василий Филипповичтің әрбір еңбегінен жоғары кәсіби шеберлік, сәулеттік ойлау мәдениеті, талғампаздық пен әрбір бөлшекке деген ерекше жауапкершілік айқын аңғарылады. Осындай тұлғалардың шығармашылық жолы жас сәулетшілер үшін кәсіби шеберліктің, адал еңбектің және ұлттық сәулет өнеріне қызмет етудің жарқын үлгісі болып қала береді», – деді Қазақстан сәулетшілер одағының төрағасы Серік Рүстембеков.

Василий Тоскин елордадағы бірқатар сәулет нысандарының авторы. Олардың қатарында Пионерлер сарайы, «Турист» қонақ үйі, «Жастар» сарайы және «Астана» концерт залы бар. Оның өмір жолындағы маңызды кезеңдердің бірі – елорданы Ақмолаға көшіру жұмыстарына қатысуы. Ол астананы көшіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрамында болып, қаланың бас жоспарын әзірлеуге, тарихи орталықты қайта жаңғыртуға және жаңа әкімшілік орталықты қалыптастыруға атсалысты.

Әр жылдары республикалық сәулет жобалары байқауында Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық үйі (1984), Целиноград қаласындағы «Заречный» тұрғын үй кешені (1986), Салтанат сарайы (1987) және «Турист» қонақ үйі (1984) үздік сәулет жобалары ретінде танылды.

Өз кезегінде көрме авторы Василий Тоскин сөз сөйлеп, Қазақстан астанасының қалыптасуы мен дамуына үлес қосу өз өміріндегі ең үлкен кәсіби бақтардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір сәулетшіге ауқымды қала құрылысы жобаларын әзірлеп қана қоймай, олардың өмірде жүзеге асқанын көру бақыты бұйыра бермейді.

«Мен өзімді бақытты адам санаймын. Тағдыр маған жаңа елорданың қалыптасуына атсалысып, тамаша әріптестермен және пікірлес жандармен бірге еңбек етуге, уақыт сынынан өткен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік сыйлады. Сәулетші үшін өз идеяларының нақты келбетке айналып, қаламен бірге өсіп-өркендеп келе жатқанын көруден асқан шығармашылық бақыт жоқ. Осы көрмені ұйымдастырған Президенттік орталыққа, көп жылдар бойы жанымнан табылған әріптестеріме және сүйікті ісіммен айналысу мүмкіндігін сыйлаған өмірге шынайы алғысымды білдіремін», – деді Василий Тоскин.

Көрмеде сәулетшінің жеке қорынан алынған 200-ге жуық архивтік материал қойылған. Олардың қатарында авторлық эскиздер, фотосуреттер, жобалық құжаттама және Қазақстанның қазіргі астанасының қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерін айғақтайтын тарихи құжаттар бар.

Көрме келушілер үшін қыркүйек айының ортасына дейін жұмыс істейді.

Айта кетейік, Тоскин Василий Филиппович 1946 жылғы 2 шілдеде Целиноград облысы Маринов ауданының Воробьевка ауылында (қазіргі Ақмола облысы Атбасар ауданы) қызметкердің отбасында дүниеге келген. Балалық шағы Целиноград қаласының маңындағы Журавлевка ауылында өтті. 1964 жылы орта мектепті тәмамдап, 1964–1965 жылдары туған мектебінде мұғалім болып еңбек етті. 1970 жылы В.В. Куйбышев атындағы Новосібір инженерлік-құрылыс институтының сәулет факультетін бітірді. Институтты аяқтаған соң 1970–1971 жылдары Бүкілресейлік мұнай өңдеу және мұнай-химия өнеркәсібінің ғылыми-зерттеу және жобалау институтының (ВНИПИнефть) Омбы филиалы мен Мәскеудегі бас кеңсесінде қызмет атқарды.1971 жылы Целиноградқа оралып, 1984 жылға дейін «Целингорсельпроект» мемлекеттік жобалау институтында топ жетекшісінен институттың бас сәулетшісіне дейінгі қызметтік сатылардан өтті. 1977 жылы Мәскеу сәулет институтының жоғары қала құрылысы курстарын тәмамдады. 1994 жылы АҚШ-тың Мэриленд штаты университеті жанындағы Урбанистика және жерді жоспарлау жоғары мектебінде (Колледж-Парк) біліктілігін арттырды.