Референдум-2026

Астана күні қарсаңында онлайн-байқауда үздік атанған елордалық жас отбасылар марапатталды

Астана күні қарсаңында онлайн-байқауда  үздік атанған елордалық жас отбасылар марапатталды
Фото: Салтанат Мұратқызы

Ұлттық музейде «Менің Астанам — менің отбасым» жас отбасылар арасындағы онлайн-байқау қатысушыларын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі. 

Қала күніне орай Астана қаласы Жастар саясаты мәселесі басқармасының ұйымдастыруымен «Отбасы – бақыт мекені» жобасы аясында жас отбасылар арасында «Біздің жүрегіміздегі Астана» атты әлеуметтік желідегі бейнероликтер байқауы ұйымдастырылған болатын. Осы байқаудан үздік шыққан отбасыларға бүгінгі Қала күніне орай өткен концерттік бағдарламада марапаттар пен сый-сияпаттар табысталды. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның мақсаты – елордаға деген сүйіспеншілікті арттыру, отбасы институтын нығайту. Сонымен қатар, қала тұрғындарының шығармашылық әлеуетін және қалаға деген патриоттық сезімін нығайту көзделген.

«Конкурс Instagram әлеуметтік желісінде жарияланып, оған 30-ға жуық жас отбасы қатысты. Байқау талаптарына сәйкес, жұмыстар Instagram-дағы лүпіл саны негізінде бағаланды. Нәтижесінде солардың ішінен үздік 20 отбасы таңдалды. Барлық отбасының бейнежазбалары Instagram желісіне жарияланды. Екі апта көлемінде лүпіл жиналған болатын. Міне, бүгін қала күніне орай концерттік бағдарламада аталған байқау қорытындыланып отыр», - деді Астана қаласы Жастар саясаты мәселесі басқармасының бас маманы, «Отбасы - бақыт мекені» жобасының жетекшісі Балжан Қолғанат.

Сондай-ақ, байқауға қатысушы елордалық белсенді жас отбасы мүшесі іс-шараның мән-маңызына тоқталды. 

«Біз аталған  байқауға біз екінші рет қатысып жатырмыз. 2024 жылы үздік отбасы атанып, бас жүлде алдық. Биыл тағы бағымызды сынап көруге бел шештік. 
Байқау шарты Астананың көрікті жерлерін аралау және оны балаларымызға таныстыру болатын. Осыған орай түрлі әдемі ғимараттар алдында бейнероликтерді түсірдік. Онда елордадағы сұлу да тағылымды ғимараттар туралы балаларымызға түсіндірдік. Нәтижесінде көп лүпіл жинап, таңдаулы отбасылардың қатарынан орын алып отырмыз. Жас отбасылар үшін байқаудың тағылымдық мән-маңызы зор деп есептеймін. Біз тек сәнді ғимараттарды тамашалап қана қоймай, балаларымызбен бірге олардың тарихымен таныстық. Мұндай іс-шаралар жанұяның бірлігін одан сайын нығайта түседі деп ойлаймын», - деп ризашылығын білдірді Көшеновтар отбасының отанасы Құралай Абилдаева. 

Айта кетейік, іс-шара барысында байқау қатысушылары да өнер көрсетті.