АИТВ қаупі туралы жастарға дұрыс түсіндіру қажет
Жастар арасында АИТВ инфекциясының алдын алу мәселесі бүкіл әлемде өзекті болып қала береді. Диагностика мен емдеудегі айтарлықтай жетістіктерге қарамастан, АИТВ айналасында әлі де көптеген мифтер мен теріс көзқарас бар. Сондықтан қауіптер туралы ашық, нақты және дұрыс ақпарат беру өте маңызды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Қазіргі жастар ақпаратты әртүрлі дереккөзінен алады. Оның ішінде әлеуметтік желі, интернет платформа, мессенджер бар. Сондай-ақ құрдастарымен әңгілесу барысында да біледі. Өкінішке қарай, бұл ақпараттың барлығы бірдей сенімді емес. Ақпараттың жетіспеушілігі қауіпті мінез-құлыққа және инфекцияның таралу жолы туралы қате түсініктерге әкелуі мүмкін.
АИТВ тақырыбын талқылау кезінде қорқыту мен стигматизациядан аулақ болу қажет. Тәжірибе көрсеткендей, қорқынышқа негізделген ақпарат адамдардың мінез-құлқын өзгертуге сирек әсер етеді. Ең тиімді тәсіл – жастарға ғылыми негізделген ақпарат беріп, инфекцияның берілу механизмін және қорғану жолын түсіндіру.
АИТВ күнделікті тұрмыстық байланыстар арқылы жұқпайтынын есте сақтау қажет. Ол қол алысу, құшақтасу, ыдыс-аяқты бірге қолдану, қоғамдық орындарға бару немесе жәндіктердің шағуы арқылы берілмейді. Негізгі берілу жолдары — қорғалмаған жыныстық қатынас, зарарсыздандырылмаған инъекциялық құралдарды қолдану және тиісті профилактика болмаған жағдайда анадан балаға жүктілік, босану немесе емізу кезінде берілуі.
Осы тұста адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруы ерекше маңызды. Жастар қауіпсіз мінез-құлықтың маңызын, уақытылы тексерілуден өтуді және қажет болған жағдайда медициналық көмекке жүгінуді білуі тиіс. Заманауи диагностика әдістері АИТВ инфекциясын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді, ал антиретровирустық терапия АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға толыққанды әрі белсенді өмір сүруге жағдай жасайды.
Жастар арасында АИТВ-ның алдын алуда заманауи қорғану әдісіне ерекше көңіл бөлінеді. Ең тиімді тәсілдің бірі – әр жыныстық қатынас кезінде мүшеқапты қолдану, бұл АИТВ және жыныстық жолмен берілетін басқа да инфекциялардың жұғу қаупін айтарлықтай төмендетеді.
Сондай-ақ дәрілік профилактика әдістері бар. Қатынасуға дейінгі профилактика (PrEP) АИТВ жұқтыру қаупі жоғары адамдарға тағайындалады және тұрақты қабылдағанда жұқтыру ықтималдығын төмендетеді. Ал қатынасудан кейінгі профилактика (PEP) ықтимал жұқтыру жағдайынан кейін қолданылады және уақытында медициналық көмекке жүгінген жағдайда инфекцияның дамуын болдырмауы мүмкін.
Маңызды профилактикалық шаралардың бірі – АИТВ-ға тұрақты түрде тест тапсыру. Инфекцияны ерте анықтау емдеуді уақытында бастауға және асқынудың алдын алуға мүмкіндік береді. Бүгінде АИТВ ерте диагностикаланған және дұрыс емделген жағдайда созылмалы, бақылауға болатын ауру ретінде қарастырылады. Антиретровирустық терапия қабылдап, вирустық жүктемесі анықталмайтын деңгейге жеткен адамдар вирусты жыныстық жолмен бермейді.
Мифтер мен қате түсініктермен жұмыс істеу де маңызды. АИТВ туралы таралған стереотиптер стигматизацияға және медициналық көмекке кеш жүгінуге себеп болады. Мифтерді жоққа шығару жастардың сыни ойлау қабілетін дамытуға және интернет пен әлеуметтік желіден алынған ақпаратқа жауапкершілікпен қарауға көмектеседі.
АИТВ туралы дұрыс әңгіме жүргізу бұл диагнозбен өмір сүретін адамдарға құрметпен қарауды білдіреді. Кемсітуге, айыптауға және әлеуметтік оқшаулауға жол берілмеуі тиіс. АИТВ – медициналық мәселе, адамның құқығын шектеуге негіз бола алмайды.
Тиімді профилактика сонымен қатар қарым-қатынас дағдыларын дамытуды қамтиды. Денсаулық, жеке шекаралар және қорғану тәсілдерін ұялмай және қысымсыз талқылай білу. Бұл қауіпті мінез-құлықты азайтып, өзіне және серіктесіне жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастырады.
Профилактикалық жұмыста ата-аналардың, педагогтардың, медицина қызметкерлерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі зор. Бірлескен күш-жігер арқылы жастарға шынайы және сенімді білім өсуіне, олардың өз денсаулығына саналы түрде қарауына және дұрыс шешім қабылдауына жағдай жасауға болады.
Мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар ақпарат тарату, тестілеу жүргізу және кеңес беру ісінде маңызды рөл атқарады. Жастарға АИТВ-ның алдын алу және диагностика бойынша құпия әрі тегін қызметтерге қолжетімділік қамтамасыз етілуі тиіс. Осылайша, жастар арасында АИТВ-ның тиімді профилактикасы тек шынайы ақпарат, медициналық қызметтердің қолжетімділігі және денсаулық пен өзге адамдарға құрмет мәдениетін қалыптастыру арқылы мүмкін болады.
Ақпараттандыру, құрмет және ашық диалог – жастар арасында АИТВ инфекциясының алдын алудың негізі болып табылады.
АИТВ-ны диагностикалау, алдын алу және емдеу мәселелері бойынша қосымша ақпаратты АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының сенім телефондары арқылы: 57-67-20, 38-07-02 немесе kazaids.kz сайтынан алуға болады.
Астана қаласы әкімдігінің «АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы» МКҚК
алдын алу жұмысы бөлімінің меңгерушісі Айжан Жайлаубаева