Астанада тұрғындардың түнгі тыныштығын бұзған 14 мыңдай құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды
Полиция шамадан тыс шу шығаратын, сондай-ақ тұрғын үйлердің маңында жылдамдығын күрт көтеріп, агрессивті жүретін мотоциклдерді ерекше бақылауға алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полиция департаментінің мәлімдеуінше, жазда мотокөліктер қозғалысының қарқыны артады. Осыған байланысты полиция қызметкерлері азаматтардың тыныштығы бұзып, тынығуына кедергі келтірудің алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шараны күшейтті. Әсіресе түнде шамадан тыс шу шығаратын мотоциклдерді басқаратын жүргізушілерге ерекше назар аударылады.
«Шудың шамадан тыс болуы көбіне көліктің өзгертілген немесе ақаулы түтін шығару жүйесін пайдаланудан, сондай-ақ тұрғын үйлердің маңында күрт жылдамдық алып, агрессивті жүргізу мәнерінен туындайды. Мұндай әрекеттер тұрғындарға қолайсыздық тудырып, қоғамдық тәртіпті бұзады.
Профилактикалық жұмыстар аясында полиция қызметкерлері рейдтік іс-шаралар өткізіп, құқық бұзушыларды анықтайды, мотокөлік иелеріне заң талаптарын түсіндіреді және оны елемейтіндерге қатысты әкімшілік ықпал ету шарасын қолданады», делінген хабарламада.
Мәселен, түнде 30 жастағы Kawasaki мотоциклінің жүргізушісі Тәуелсіздік даңғылымен келе жатып, сол маңдағы тұрғын үйдегілердің тыныштығы бұзған. Полиция қызметкерлері құқық бұзушыны анықтап, оны әкімшілік жауаптылыққа тартты.
Жыл басынан бері қалада түнгі уақытта азаматтардың тыныштығы мен тынығуын бұзғаны үшін 14 мыңға жуық құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Еске сала кетсек, елордада өткен тойда отшашу атқан азамат жауапқа тартылды.