Референдум-2026

Павлодарда жоғары технологиялық гидрометаллургиялық комбинат салынады

Бүгін, 13:12
Думан Аманжол Думан Аманжол
Павлодарда жоғары технологиялық гидрометаллургиялық комбинат салынады
Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысы аясында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассомен екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында Ерсайын Нағаспаев пен Одиль Рено-Бассо өнеркәсіп, құрылыс, өңірлік инфрақұрылымды дамыту және өзге де салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Қазақстан мен ЕҚДБ арасындағы әріптестікті одан әрі кеңейту перспективаларына және экономиканың орнықты дамуына бағытталған жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға назар аударылды.

«Кездесу қорытындысы бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрінің қатысуымен ЕҚДБ мен Solidcore Resources компаниясы арасында Ертіс гидрометаллургиялық комбинатын (ЕГМК) салуды қаржыландыру бойынша $300 млн көлеміндегі келісімге қол қойылды. Жобаны іске асыру үшін ING бастаған коммерциялық банктер синдикатынан да $300 млн көлемінде қаржы тартылды», делінген хабарламада.

Банктің қолдауымен «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында Қазақстандағы алғашқы жоғары технологиялық толық циклді гидрометаллургиялық зауыт іске қосылады.

«Кәсіпорында қысыммен тотықтыру әдісі арқылы құрамында алтыны бар қиын байытылатын концентраттар өңделеді. Гидрометаллургиялық комбинаттың өндірістік қуаты жылына 300 мың тоннаға дейін алтын құрамды концентратты өңдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпорын жыл сайын доре қорытпасы түрінде 500 мың унцияға дейін алтын өндіре алады», деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Жобаны іске асыру нәтижесінде шамамен 500 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтіледі.