«Әділет» партиясы Құрылтай сайлауына қатысуға дайын екенін мәлімдеді
«Әділет» партиясы алдағы Құрылтай сайлауына қатысуға толық дайын. Бұл туралы партия төрағасы Айбек Дәдебайдың мәлімдемесінде айтылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Партия төрағасының сөзінше, алдағы сайлау жаңа Конституцияны іске асырудың және Қазақстандағы демократиялық институттарды одан әрі нығайтудың маңызды кезеңі саналады.
«Партиямыз сайлауға нақты бағдарламамен, кәсіби командамен және азаматтар алдындағы жауапкершілікті терең сезіне отырып қатысады. Бағдарламамыз әділдік, заң үстемдігі, жауапкершілік, патриотизм және даму қағидаттарына негізделген», – делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ партия заң талаптарын сақтай отырып, азаматтардың еркін таңдау құқығын құрметтейтін адал, ашық әрі бәсекелі саяси науқанға дайын екенін жеткізді.
Айбек Дәдебайдың сөзінше, партияның басты мақсаты – Әділетті Қазақстанды нығайтуға бағытталған нақты бастамаларды жүзеге асыру үшін қоғамның сеніміне ие болу.
«Ашық саяси бәсеке, қоғам алдындағы жауапкершілік және Конституцияға құрмет – еліміздің табысты дамуының басты кепілі. Біз бұл жауапты іске әзірміз әрі оның нәтижесі үшін жауапкершілік алуға дайынбыз», – деді партия төрағасы.