Астанада қала күніне орай «Халық добы» қозғалмалы ойындары басталды
Елордада «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығында 5 және 6 сынып оқушылары арасында дәстүрге айналған «Халық добы» қозғалмалы ойындар сайысы өтіп жатыр. Сайыс Астана күніне орайластырылған, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
«Халық добы» - екі командаға бөлініп ойнайтын, доппен жылдамдыққа және ептілікке бағытталған танымал бұқаралық спорт ойыны. Ол жүгіру, секіру және лақтыру сияқты негізгі қимылдарды дамытып, командалық рухты нығайтады.

«Бүгін Астана қаласының 8 мектебі қатысып жатқан жарыста 120 бала қамтылды. Ережеге сәйкес, әр командада 5 ұл және 5 қыз болуы тиіс. Ойын барысында командалар допты бір-біріне лақтырып, қарсылас команданың барлық ойыншысы ойыннан шыққанға дейін жарысты жалғастырады. Оқушылар арасында танымал бұқаралық ойынымыз жыл сайын қала күні мен Конституция күніне арналып өтеді. Бұл турнирдің басты ерекшелігі - арнайы іріктеуден өткен үздік 8 команда ғана қатысуы», - деді «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығының директорының орынбасары Әділет Сұлтаналиев.


Осы жолғы жарыста №8, 15, 22, 26, 37, 43, 54, 88 мектептері алдымен топтық кезең және артынша плей-офф жүйесі арқылы жүлдегерлерді анықтайды.
«Халық добы» ойыны мектеп оқушылары арасында танымал. Мысалы, маусым айында ғана «Дидарлы жаз 2026» қалалық жарысының екінші маусымына қаламыздың 114 мектебінен 2 120 оқушы қатысты. Міне, бүгін сол маусымның үздіктері бас қосып жатыр. Басты мақсатымыз - мектеп оқушыларының жазғы демалыс уақытын тиімді өткізуге үлес қосу», - деп «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығының директорының орынбасары Әділет Сұлтаналиев өз ойын түйіндеді.
Жарыс жеңімпаздары «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығының арнайы кубогы мен дипломдарымен марапатталады.
