Референдум-2026

Елорда күні: Астанада URBAN FEST көше спорты фестивалі өтеді

Елорда күні: Астанада URBAN FEST көше спорты фестивалі өтеді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана күніне орай және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында 4 шілде күні «Astana Day Mass Sports: Gorilla Power Your Instinct Tour 2026 – Urban Fest» атты ауқымды жастар мен көше спорты фестивалі өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Іс-шара Қажымұқан Мұңайтпасов көшесіндегі Sana Sport спорт кешенінің жанында орналасқан скейт-паркте өтеді.

Фестиваль аясында Астана қаласында алғаш рет экстремалды спорт түрлері бойынша Gorilla Instinct Tour ұлттық турының алғашқы кезеңі өтеді. Бұл додаға Қазақстанның барлық өңірінен келген үздік райдерлер қатысады. Олар жеңіс үшін ғана емес, ұлттық турдың алғашқы рейтинг ұпайын иелену үшін де бақ сынайды.

Фестиваль бағдарламасына скейтбординг, ролик спорты, BMX және самокат спорты бойынша тартысты жарыстар, Gorilla Style Wars Jams шоу-көрсетілімдері, кәсіби спортшылардың шеберлік сабақтары, интерактивті ойын-сауық алаңдары және мазмұнды мәдени-ойын-сауық бағдарламасы енген.

Жарыстарға әуесқой спортшылар қатысады. Қатысушыларды тіркеу gorillatour.kz сайтында онлайн форматта жүргізіледі.

Сағат 10:00-ден 14:00-ге дейін қатысушылар мен көрермендер үшін Gorilla Style Wars шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

Сағат 11:00-11:30 аралығында Gorilla Contest қатысушыларын тіркеу өтеді. Одан кейін скейтбординг, самокат спорты және BMX бойынша іріктеу жарыстары басталады. Атап айтқанда, скейтбордингтен іріктеу кезеңі 12:00-де, самокат спортынан 13:30-да, ал BMX бойынша 15:00-де басталады.

Сағат 15:00-16:00 аралығында Gorilla Style Wars қатысушыларын тіркеу жүргізіледі. Ал 16:00-17:30 аралығында іріктеу кезеңдері, сондай-ақ 1/8 және 1/4 финалдық батлдар өтеді.

Фестивальдің салтанатты ашылуы 18:00-ге жоспарланған. Осыдан кейін скейтбординг, самокат спорты және BMX бойынша финал жарыстары өтеді.

Сағат 19:30-20:00 аралығында көрермендерге арналған әсерлі Action Show бағдарламасы ұсынылады. Одан кейін Gorilla Contest жеңімпазын марапаттау рәсімі өтеді.

Фестивальдің қорытынды бөлімінде төрешілердің көрсетілімдері, Gorilla Style Wars Jams жартылай финалдары мен финалдық кезеңдері ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталады. Бағдарлама музыкалық топтың өнер көрсетуімен аяқталады.
Көрермендер үшін кіру тегін.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль экстремалды спорт түрлерін, көше мәдениетін және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Сондай-ақ ол Астана күніне арналған мерекелік бағдарламаның ең жарқын іс-шараларының біріне айналады.

Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Алматы ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізіледі. Фестивальдің бас демеушісі, бастамашысы және ұйымдастырушы серіктесі – GORILLA Energy Drink компаниясы.