Атырау облысындағы республикалық автожолға ТЖМ ұшағы қонды
Атырау облысында республикалық «Астрахань – Атырау – Доссор – Ақтөбе» автомобиль жолында Төтенше жағдайлар министрлігі, жол қызметтері және басқа да мемлекеттік органдардың қатысуымен ауқымды авиациялық оқу-жаттығу өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқу-жаттығу кезінде ТЖМ «Қазавиақұтқару» авиациялық бөлімшесінің әуе кемесін республикалық автожолдың жүру бөлігіне қонды. Бұл маневр автомобиль жолы тиісті дайындық жағдайында тек көлік қатынасына ғана емес, төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету алаңы ретінде де пайдаланылуы мүмкін екенін көрсетті.
Учаскені дайындауда жол қызметтеріне ерекше міндет жүктелді. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мамандары алдын ала жол жабынының жай-күйін тексеріп, учаскенің оқу-жаттығуға дайындығын бағалады, қажетті қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етті және уәкілетті органдармен бірлесіп көлік қозғалысын ұйымдастырды.
«Түрлі сала мамандарының үйлесімді жұмысының арқасында оқу-жаттығу штаттық режимде өтті. Әуе кемесі сәтті қонғаннан кейін экипаж ауыр халдегі науқасты шартты түрде эвакуациялауды орындады.
Өткізілген оқу-жаттығу сапалы әрі қауіпсіз автомобиль жолы жүргізушілер үшін жайлы қозғалыс қана емес, сонымен қатар құтқару операциясы, азаматтарды эвакуациялау және төтенше жағдайдың салдарын жою кезінде пайдаланылатын мемлекеттік инфрақұрылымның маңызды элементі екенін дәлелдеді», делінген хабарламада.
Оқу-жаттығуға ТЖМ-нің екі ұшағы, 20-дан астам арнайы техника, сондай-ақ Төтенше жағдайлар департаменті, полиция, жергілікті атқарушы органдар, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы және авиация саласының шамамен 60 маманы жұмылдырылды.
Еске сала кетсек, ТЖМ құтқару операциясына арналған төртінші ұшаққа қол жеткізді.