Референдум-2026

Астана күні қарсаңында жас фотографтар марапатталды

Астана күні қарсаңында жас фотографтар марапатталды
Фото: Нұрбек Махметов

Астана күніне орай Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында «Астана – шабыт мекені» жас фотографтар байқауының қорытынды марапаттау рәсімі мен мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Байқауға Астана қаласының білім беру ұйымдарында білім алатын 10-16 жас аралығындағы оқушылар қатысты. Олар өз жұмыстарында елорданың сәулетін, мәдени өмірін, тарихи орындарын, заманауи келбеті мен ерекше атмосферасын бейнеледі. Байқау қорытындысы бойынша үздік жұмыстар арнайы фотоэкспозицияда ұсынылып, жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталды. Мерекелік кеш барысында Оқушылар сарайының шығармашылық ұжымдары концерттік бағдарлама ұсынып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

«Астана күніне арналған «Астана – шабыт мекені» жас фотографтар байқауының қорытынды марапаттау рәсімі мен мерекелік концерт өтті. Бұл байқау – жас таланттардың шығармашылығын қолдап, туған қаламыздың әсем келбетін өнер арқылы танытуға бағытталған маңызды жоба. Бүгін біз елордамызға деген сүйіспеншілікті фотосурет пен өнердің тілі арқылы дәріптеп отырған дарынды жастардың жетістіктеріне куә болдық. Барлық қатысушыларға шабыт пен шығармашылық табыс, жеңімпаздарға бұдан да биік жеңіс тілеймін! Астана күні құтты болсын!», – деді Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Гүлнара Бектасова.

Байқау жеңімпаздары да әсерімен бөлісіп, мұндай шығармашылық жобалардың жастардың қабілетін шыңдауға және жаңа белестерге ұмтылуына серпін беретінін атап өтті.

«Мен үшін бұл марапат жай ғана жеңіс емес, туған қалама деген сүйіспеншілігімнің бағалануы. Фотоаппараттың объективі арқылы Астананың көркі мен ерекше рухын жеткізуге тырыстым. Бүгінгі қуанышым мені жаңа ізденістерге, жаңа белестерді бағындыруға жігерлендіреді. Осындай керемет байқауды ұйымдастырып, бізге өзімізді көрсетуге мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға, әрдайым қолдау білдіретін ұстаздарым мен ата-анама үлкен алғыс айтамын. Болашақта туған қаламыздың сұлулығын өнер арқылы танытып, Қазақстанның мақтанышына айналуға бар күшімді саламын», – деді бірінші орын иеленген Карим Рахман.

Жарыс болашақ фотографтардың шығармашылық әлеуетін насихаттап, олардың туған қалаға деген сүйіспеншілігін арттыруға мүмкіндік берді.