Референдум-2026

Астанада республикалық жазба ақындар мүшәйрасының иегерлері марапатталды

Бүгін, 15:41
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада республикалық жазба ақындар мүшәйрасының иегерлері марапатталды
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана күніне орай Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында «Байрағы биік байтағым» республикалық жазба ақындар мүшәйрасының қорытынды марапаттау салтанаты өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Астана әкімдігінің қолдауымен өткен додаға қала әкімінің орынбасары Есет Байкен, «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қорының басқарушы кеңесінің төрағасы Ерлан Каналимов, қаламгерлер қауымы мен оқырмандар қатысты.

«Күні кеше жаңа Атазаңымыз күшіне еніп, еліміздің дамуына жаңа серпін берді. Оған ілесе келе жыл сайын атап өтілетін елордамыздың төл мерекесі, туған күні келіп қалды. Осы мерекенің аясында жазба ақындардың мүшәйрасын өткізу дәстүрге айналды. Мұның шығу төркінін қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, айтулы ақын Несіпбек Айтұлымен байланыстырамыз. Ол елорданың іргетасының қаланып, дамуына бірден-бір тер төккен азамат. Артында бір игі іс ретінде осы мүшәйра қалды. Соны жерде қалдырмай, жалғастырып отырмыз», – деген Есет Байкен мүшәйраның өтуіне үлес қосып жүрген көрнекті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлына ризашылығын жеткізіп, алғыс айтты.

Ерлан Каналимов өз сөзінде әдебиеттің ел өмірінде, қоғамның дамуында алатын үлкен орнына тоқталды. Мүшәйраға барлығы 125 ақын өлеңдерді ұсынды. Соның ішінде көрнекті ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай бастаған қазылар алқасы 12 ақынды үздік деп бағалады. Бес ақынға арнайы жүлделер тапсырылды.

Атап айтқанда, Несіпбек Айтұлы атындағы арнайы жүлдемен Тоқтарәлі Таңжарық, Фариза Оңғарсынова атындағы арнайы жүлдемен Айдана Қайсарбек марапатталды. Ерік Асқаров атындағы арнайы жүлде - Дәулет Жәлел, Қонысбай Әбіл атындағы арнайы жүлде – Мәрлен Ғилымхан, Кәкімбек Салықов атындағы арнайы жүлде – Абзал Мақаш. Үш ақын үшінші орынды иеленді. Олар – Ғазиз Ештанаев, Батырхан Сәрсенхан және Арайлым Мұратәлиева. Екінші орын иегерлері – Әбубәкір Смайылов пен Бекжан Әшірбаев. Бірінші орын Бауыржан Қарағызұлына бұйырды. Бас жүлдені қос балладаны ұсынған Нұржан Қуантайұлы жеңіп алды. Салтанатты іс-шарада ақындар жүлделі өлеңдерін оқыды. Кеш әсем әндер мен күйлермен көмкерілді.

Еске салсақ, Астана күні қарсаңында жас фотографтар марапатталды.