Референдум-2026

Елорда күніне орай журналистер арасындағы дәстүрлі байқаудың жеңімпаздары марапатталды

Елорда күніне орай журналистер арасындағы дәстүрлі байқаудың жеңімпаздары марапатталды
Фото: Астана әкімдігі

Елордада БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі мен Астана күніне орай журналистер арасындағы жыл сайынғы дәстүрлі байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Байқауға еліміздің журналистері, блогерлері мен мобилографтары қатысып, Астананың дамуы, ел өміріндегі маңызды оқиғалар мен жетістіктерді кеңінен насихаттаған 150-ден астам жұмыс ұсынылған. Конкурстық комиссия келіп түскен материалдардың ішінен 28 үздік жұмысты іріктеп, тоғыз номинация бойынша жеңімпаздарды анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Astana-akshamy.kz-ке сілтеме жасап.

Марапаттау рәсімі Wyndham Garden Astana қонақ үйінде өтті. Салтанатты жиынға сегізінші шақырылымындағы Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай, танымал тележүргізуші, қоғам қайраткері Дана Нұржігіт, Астана қаласы мәслихатының депутаттары Қанат Естек, Ғабит Тәжімұратов, Талғат Дүйсеков және басқа да құрметті қонақтар қатысты.

Биылғы байқаудың ерекшелігі жасанды интеллект көмегімен әзірленген видеоға қатысты номинация қосылды. Жеңімпаздарға бірінші орын үшін 1 миллион теңге, екінші орын үшін 700 мың теңге, ал үшінші орын үшін 500 мың теңге көлемінде ақшалай сертификаттар табысталды.

«Үздік журналист-сарапшы» номинациясында үшінші орын Қалиакбар Ағылан («Астана ақшамы» газеті), екінші орын Зейін Ерғалиева («Egemen Qazaqstan»), бірінші орын Кәмшат Мұхамеджан (24KZ телеарнасы) иеленді.

«Үздік шолушы» номинациясында үшінші орын Николай Пичененко («Tengri Sport») және Аян Әбдуали («Азаттық рухы»), екінші орын Айбек Қосанов («Еуразия» бірінші арнасы), бірінші орын Ольга Ахметова (qaramedia.kz) атанды.

«Үздік радиорепортаж» номинациясында үшінші орын Әсел Әбілбекова, екінші орын Альмира Елімсарина («Қазақ радиосы»), бірінші орын Гүлназ Айтқұлова («Jibek Joly» радиосы) жеңіп алды.

«Үздік телесюжет» номинациясында үшінші орын Гүлназ Надырханова («Atameken Business»), екінші орын Ғалия Хасенханова («Euronews»), бірінші орын Оңғар Тоқанов («Қазақстан» ұлттық телеарнасы) иеленді.

«Үздік мобилограф» номинациясында үшінші орын Думан Қуандықов, екінші орын Шыңғысхан Мейірқан, бірінші орын Ерболсын Әбілдин жеңімпаз атанды.

«Аэрофото және ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдалана отырып түсірілген елорда туралы үздік бейнешолу» номинациясында үшінші орын Досбол Шағырбаев, екінші орын Рақымжан Ералы, бірінші орын Талғат Бекмағамбетовке бұйырды.

«Жасанды интеллект көмегімен әзірленген елорда туралы үздік видео» номинациясында үшінші орын Нұрбол Назарбеков, екінші орын Нұрмұхамбет Алданазар, бірінші орын Ғанибет Есетова иеленді.

«Үздік фоторепортаж» номинациясында үшінші орын «Елорда инфо» ақпараттық сайтының тілшісі Салтанат Жакуповаға, екінші орын «Астана ақшамы» газетінің фототілшісі Сұлтанбай Сейітовке, бірінші орын «Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені» ШЖҚ РМК фототілшісі Аманкул Дүйсенбайға берілді. 

«Әлеуметтік желілердегі үздік материал» номинациясында үшінші орын Балжан Ерланова, екінші орын Ұлан Әбішев, бірінші орын Тәңірберген Бердоңғар иеленді.

Байқауды Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Елорданың коммуникациялар қызметі ұйымдастырды. Дәстүрлі іс-шара елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуын, қоғамдық өмірін және оң өзгерістерін кәсіби әрі сапалы насихаттап жүрген журналистер мен медиа саласы өкілдерін қолдауға бағытталған.