«Өмірдің мәні – қозғалыс»: 82 жастағы астаналық қария күн сайын спортпен шұғылданады
«Адам денесі де қозғалыссыз қалса әлсірейді, сондықтан өмір бойы қозғалу керек». Бұл – 82 жаста болса да күн сайын саябаққа барып жаттығу жасап, турникке тартылып, жүгіретін астаналық Болат Мәжитұлының өмірлік ұстанымы, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
«Қыпшақпын мен, Күрлеуіт шыққан затым,
Мәжитұлы Болат атым.
Денемде дөңгеленген басым бар,
Басымда аппақ қудай шашым бар,
Менде төрт 15, бір 22 Алланың берген жасы бар» деп өзін өлеңмен таныстырған қарияның өмір жолы – табандылықтың, еңбекқорлықтың және спортқа деген адалдықтың жарқын үлгісі.

Ақмола облысының тумасы Болат Мәжитұлы бала күнінде жиі сырқаттанғанын айтады. Денсаулығын нығайту үшін спортқа бет бұрып, шынығуды әдетке айналдырған.
– Жас кезімнен көп ауырдым. Осы аурудан шығу үшін спортпен шұғылдана бастадым. Әуелі үстіме суық су құйып, дене жаттығуларын жасадым. Бірте-бірте спортқа келдім. Алғашында бокс үйірмесіне бардым. Кейін коньки спортына ауысып, айтарлықтай жетістікке жеттім. Жас кезімде Тың өлкесінің конькиден біріншілігіне қатыстым. Сол кезде тарихта қалғым келді. Барлық қашықтықта жеңіске жетіп, Тың өлкесінің абсолютті чемпионы атандым. Сол жетістігімді әлі күнге дейін үлкен мақтанышпен еске аламын, – дейді ардагер спортшы.

Ол кейін ақсақал ардагерлер арасындағы жарыстарға қатысуды жоспарлаған, алайда, 2020 жылы болған пандемия бұл жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді.
Зейнетке шықса да, Болат Мәжитұлы белсенді өмір салтынан бас тартпаған. Ол сондай-ақ бүгінде күзетші болып еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, еңбек адамды тәртіпке үйретеді.
– Мен қазір күзетте жұмыс істеймін. Әрі зейнеткермін. Жұмыс кісіні тәртіпке келтіреді. Уақыт режимін сақтайсың. Ал бос уақытым болса, бірден паркке келіп жүгіремін, бір сағаттай жаттығу жасаймын. Аяққа, қолға арналған жаттығулар орындаймын, турникке тартыламын. Өмірдің мәні – қозғалыс. Қозғала берсең, жасара бересің. Денсаулықтың ең басты кепілі – тұрақты қозғалыс. Спорт адамның денсаулығына өте үлкен әсер етеді. Тұрған су сасиды ғой, адам денесі де сол сияқты. Қозғалыс болса ғана сергек боласың. Сондықтан үнемі қозғалыста жүру керек, – дейді қария.

Болат Мәжитұлы бүгінгі қазақ жастарының спорттағы жетістіктерін көріп, ерекше қуанады.
– Қазір еліміздің жастары спорттың әр түрінен үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Оларды көріп қуанамын. Қазақстанның көк туын әлемдік ареналарда желбіретіп жүрген жастарымыз көбейе берсін. Жастарға айтар ақылым, кезінде бізді ата-анамыз «ұят болады», «обал болады» деп тәрбиеледі. Сол ұстаным жоғалмаса екен. Кез келген істі бастамас бұрын оның дұрыс-бұрысын ойлап, ақылға салып жасаған жөн. Бір-бірімізге жанымыз ашып, қолдау көрсетіп жүрейік. Ақын Күләш Ахметова:
«Қазақты жамандама, қазақ бала,
Халық қой қазақ деген аз-ақ қана.
Мәңгілік ай астында, жер үстінде,
Қазақтың жанашыры – қазақ қана», деп айтқандай, қазақтың бірлігі мен жанашырлығы ешқашан жоғалмауы керек», - деді ол.

Болат Мәжитұлы сондай-ақ қазақ халқының тегі мен рухы асыл екенін атап өтті.
– Біз мықты, батыр халықпыз. Тегіміз асыл. Осы қасиетімізді ұмытпауымыз керек. Өзімізге сеніп, денсаулығымызды күтіп, елімізді сүйіп өмір сүрсек, кез келген белесті бағындырамыз, – дейді ол.
82 жастағы Болат Мәжитұлының өмір салты бір нәрсені дәлелдейді: жастың ұзақтығы емес, өмірге деген құлшыныс пен күнделікті қозғалыс адамды сергек ұстайды. Ал спорт – тек жарыста жеңіске жеткізетін құрал емес, ұзақ әрі сапалы өмір сүрудің кепілі.