Қасымхан Сенғазыев: 2029 жылға дейін Астанада 15 жаңа қосымша білім беру нысаны салынады
Астана – жыл сайын мыңдаған отбасы қоныс аударатын, халқы жылдам өсіп келе жатқан мегаполис. Қаламен бірге білім беру жүйесіне түсетін жүктеме де артып келеді. Осыған қарамастан, соңғы жылдары елордада ондаған жаңа мектеп бой көтеріп, заманауи білім беру кеңістіктері қалыптасып, халықаралық деңгейде топ жарып жүрген оқушылардың қатары көбейіп келеді. Астана күні қарсаңында Астана қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевпен Elordainfo.kz тілшісі елорданың білім саласындағы жетістіктері, өзекті мәселелері мен алдағы жоспарлары туралы әңгімелесті.
- Қасымхан Сенғазыұлы, бүгінгі күні елорданың білім беру саласындағы қандай жетістіктер бар?
- Қала күні қарсаңында Астананың білім беру саласындағы ең маңызды жетістіктерінің бірі – білім беру инфрақұрылымының қарқынды дамуы. Елорда еліміздегі ең жылдам өсіп келе жатқан қала болғандықтан, жаңа оқушы орындарын ашу біздің басты басымдығымыздың бірі болып қала береді. Соңғы үш жылда қалада 40-тан астам жаңа мектеп ашылды. Оның ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілген заманауи білім беру ұйымдары бар. Нәтижесінде үш ауысымды оқыту мәселесі толық шешіліп, оқушы саны шамадан тыс мектептердің жүктемесі едәуір төмендеді. Инфрақұрылымды дамытумен қатар білім сапасын арттыруға ерекше назар аударылуда. Оқушыларымыз халықаралық олимпиадаларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Білім беру процесіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтері енгізілуде. Қосымша білім беру мүмкіндіктері кеңейіп, инклюзивті орта қалыптастыру, дарынды балаларды қолдау және педагогтердің кәсіби дамуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр.

Ең басты жетістік – әрбір балаға тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы әрі заманауи білім алуға мүмкіндік беру. Бүгінде бұл нәтижені қала тұрғындары жаңа мектептер мен балабақшалардан, заманауи білім беру кеңістіктерінен және оқушыларымыздың жоғары жетістіктерінен көріп отыр.

- Соңғы үш жылда қанша білім беру нысаны салынып, пайдалануға берілді?
- Соңғы үш жылда елордада 100 мыңнан астам оқушы орнына арналған 46 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 23 заманауи мектеп ашылды. Бұл жұмыстардың нәтижесінде үш ауысымды оқыту толық жойылып, мектептердегі орын тапшылығы айтарлықтай қысқарды. Бүгінде Астанада 206 орта білім беру ұйымында шамамен 315 мың оқушы білім алып жатыр. Біздің ұстанымымыз – жаңа мектептерді халық тығыз орналасқан және сұраныс жоғары аудандарда салу. Бұл балалардың тұрғылықты жеріне жақын жерде сапалы білім алуына мүмкіндік береді.

- Бүгінде қаланың қай аудандарында жаңа мектептерге сұраныс ең жоғары?
- Қазіргі уақытта жаңа мектептерге деген ең жоғары сұраныс тұрғын үй құрылысы мен халық саны қарқынды өсіп жатқан Нұра, Сарайшық және Есіл аудандарында байқалады. Жаңа мектептердің құрылысы демографиялық болжамдарға, жаңа тұрғын үй кешендерінің даму қарқынына және қолданыстағы мектептердің жүктемесіне қарай жоспарланады. Бұл тәсіл жаңа шағынаудандар тұрғындарын білім беру инфрақұрылымымен дер кезінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Соңғы жылдары жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде аталған аудандардағы оқушы орындарының тапшылығы едәуір азайды. Дегенмен қаладағы балалар саны жыл сайын 22–25 мыңға көбейіп отырғандықтан, жыл сайын шамамен 13–15 жаңа мектеп салу қажеттілігі сақталып отыр.

- «Келешек мектептері» қарапайым мектептерден қалай ерекшеленеді?
- «Келешек мектептері» – білім беру ортасының жаңа стандарты. Бұл мектептердің басты ерекшелігі тек заманауи ғимараттарында емес, балалардың жан-жақты дамуына бағытталған мүмкіндіктерінде. Мұндай білім беру ұйымдарының аумағы кеңейтілген және олар STEM-зертханалармен, робототехника кабинеттерімен, заманауи пәндік сыныптармен, бірнеше спорт залымен, хореография студияларымен, коворкинг аймақтарымен және алғашқы әскери дайындық алаңдарымен жабдықталған. Оқушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығына ерекше көңіл бөлінген. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін жеке оқу блоктары қарастырылған. Бұл білім беру процесін балалардың жас ерекшеліктеріне сай ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мектептер ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін толық бейімделген. Пандустар, лифтілер, арнайы санитарлық бөлмелер, психолог, логопед және дефектолог кабинеттері қарастырылған.

«Келешек мектептері» жобасы Астана үшін ерекше маңызға ие. Ол жаңа оқушы орындарын құрумен қатар, әрбір баланың сапалы білім алып, қабілетін дамытуына жағдай жасайтын заманауи білім беру ортасын қалыптастырады.
- Қала мектептері педагог кадрлармен қаншалықты қамтамасыз етілген және жас мамандарды тарту үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?
- Сапалы білімнің негізі – білікті педагог. Сондықтан Астанада кадрлық әлеуетті нығайту мен мұғалімдердің кәсіби дамуына ерекше назар аударылады. Бүгінде елорданың білім беру ұйымдарында 29 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Оның ішінде 21 мыңнан астамы мемлекеттік білім беру ұйымдарында жұмыс істейді. 207 педагог ең жоғары «педагог-шебер» біліктілік санатына ие.
Соңғы үш жылда 17 мыңнан астам педагог біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Сонымен қатар қала әкімдігі жыл сайын болашақ мұғалімдерді даярлау үшін мыңға дейін білім грантын бөледі.

Қазіргі уақытта білім беру ұйымдарында 5 мыңнан астам жас педагог жұмыс істейді. Оларға тәлімгерлік жүйесі, кәсіби қолдау және біліктілікті арттыру бағдарламалары арқылы жан-жақты жағдай жасалған. Басқарушылық құрамда да оң өзгерістер байқалады. Егер бес жыл бұрын мектеп директорларының орташа жасы 47–48 жас болса, бүгінде бұл көрсеткіш 38–40 жасқа дейін төмендеді. Бұл білім беру саласына заманауи көзқарастағы жаңа буын басшылардың келіп жатқанын көрсетеді.

Біздің мақсатымыз – мектептерді білікті кадрлармен қамтамасыз етіп қана қоймай, жастар үшін педагог мамандығының тартымдылығын арттыру.
- Инклюзивті білім беруді дамыту және ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін қолжетімді орта қалыптастыру бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
- Инклюзивті білім беруді дамыту – елорданың білім беру жүйесіндегі басым бағыттың бірі. Біздің мақсатымыз – әрбір балаға оның денсаулық жағдайына немесе даму ерекшеліктеріне қарамастан сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасау.
Қазіргі таңда Астанада арнайы білім беретін 24 ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарында 4 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері, оңалту орталықтары және аутизмі бар балаларды қолдау орталығы бар. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған 800 орындық жаңа арнайы мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Бүгінде мектептерде 3,3 мыңнан астам ерекше білім беру қажеттіліктері бар бала инклюзивті білім алуда. Сондай-ақ 500-ден астам бала білім алатын 63 арнайы сынып жұмыс істейді. Инклюзияны қолдау жүйесі де кеңейіп келеді. Қазіргі уақытта мектептерде 85, балабақшаларда 33 қолдау кабинеті жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы 15 кабинет ашу жоспарланған.

Кәсіптік бағдар беру мен әлеуметтік бейімдеуге де ерекше көңіл бөлінеді. Колледждерде 350-ден астам ерекше білім беру қажеттіліктері бар студент білім алуда. Жыл сайын олардың 100-ден астамы еңбек нарығына шығып, қоғамға табысты бейімделуде. Біздің басты міндетіміз – әрбір баланың сапалы білім алып, өз әлеуетін толық жүзеге асыруына жағдай жасау.
- Алдағы уақытта Астанада қандай жаңа қосымша білім беру нысандары ашылады?
- Қосымша білім беру балалардың шығармашылық, ғылыми және спорттық әлеуетін дамытуда маңызды рөл атқарады. Сондықтан бұл бағыттағы инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. 2029 жылға дейін Астана қаласында 17 мыңнан астам баланы қамтитын 15 жаңа қосымша білім беру нысанын салу жоспарланған. Соңғы екі жылда бұл бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізілді. 2024 жылы жеке инвестициялар есебінен «SanaBilim» білім беру орталығы мен «Sana Sport» спорттық-шығармашылық орталығы ашылды. Биыл «TANYM» көпфункционалды кешені пайдалануға беріліп, жеке инвестициялар есебінен салынған «BIART» креативті индустрия орталығы жұмысын бастады.

Жаңа оқу жылы басталғанға дейін «Tanym Art» және «Tanym Sport» кешендерін іске қосу жоспарланып отыр. Ал 2026–2027 жылдары тағы төрт жаңа қосымша білім беру нысаны ашылады. Бүгінде елордада 14 мемлекеттік қосымша білім беру ұйымы, мектептер базасында 122 филиал және 6 «Шұғыла» комьюнити-орталығы жұмыс істейді. Мемлекеттік ұйымдар арқылы 239 710 бала, ал 596 жеке орталықта 43 754 бала қосымша біліммен қамтылған. Бұл көрсеткіштер Астанада балалардың жан-жақты дамуына арналған қолжетімді және тиімді орта қалыптасқанын көрсетеді.

- Оқушылардың жетістіктері мен білім сапасы туралы не айта аласыз?
- Астанадағы білім сапасы оқушылардың халықаралық және республикалық деңгейдегі жоғары жетістіктерімен дәлелденіп келеді.
Соңғы үш жылда елордалық оқушылар халықаралық олимпиадаларда 200-ден астам марапатқа ие болып, республикалық интеллектуалдық жарыстарда шамамен 600 жүлделі орын жеңіп алды. Халықаралық олимпиадалардағы жүлделі орындардың үлесі 58 пайыздан 69 пайызға дейін өсті. Биыл республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінде Астана құрамасы 15 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 3 алтын, 6 күміс және 6 қола медаль бар. Білім сапасының көрсеткіші де тұрақты өсуде. Егер бірнеше жыл бұрын бұл көрсеткіш шамамен 60 пайыз болса, бүгінде 65 пайызға жетті.

Оқу жетістіктерінің тағы бір маңызды көрсеткіші – «Алтын белгі» иегерлерінің саны. 2023–2024 оқу жылында бұл атақты 354 түлек иеленсе, 2025–2026 оқу жылында олардың саны 650-ге жетті. Біздің мақсатымыз – тек олимпиада жеңімпаздарын даярлау емес, әрбір балаға сапалы білім алуға мүмкіндік беру. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Астана білім беру сапасы бойынша еліміздегі көшбасшы өңірлердің бірі ретінде өз позициясын нығайтып келеді.

- Сұхбатыңызға рахмет.