Референдум-2026

Астанада «Таза үй - Таза Ел» экологиялық жобасы жалғасуда

Бүгін, 16:45
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада «Таза үй - Таза Ел» экологиялық жобасы жалғасуда
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Елордада көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарына қайталама шикізатты өз аулаларында сұрыптап, тапсыруға мүмкіндік беретін «Таза үй - Таза Ел» экологиялық жобасы жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.

Жоба «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында «Жасыл даму» АҚ мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының бастамасымен, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Астана қаласы әкімдігі, «Zero Waste» ЖШС, «Astana Qagazy» ЖШС, «ReClaim» ЖК және EcoQolday цифрлық платформасының қолдауымен жүзеге асуда.

Жобаның алғашқы кезеңінде қалдықтарды бөлек жинауға арналған арнайы контейнерлер «Көктал 2», «Ақтілек», «Бақыт Премиум», «Crocus City», «Бұқар Жырау», «Республика», «Sat City», «Степной» тұрғын үй кешендеріне орнатылды. Қазіргі таңда жоба инфрақұрылымы кезең-кезеңімен кеңейтіліп, тағы 42 тұрғын үй кешенін қосу жұмыстары жүргізілуде.

«Тұрғындар пластикті, макулатураны және шыныны өз аулаларындағы арнайы контейнерлерге тапсыра алады. Қайта өңдеуге жіберілетін қайталама шикізат алдын ала сұрыпталып, таза күйінде өткізілгені маңызды. Жиналған қалдықтардың барлығы отандық қайта өңдеу кәсіпорындарына жөнелтіліп, жаңа өнім өндіруге пайдаланылады. Бұл өз кезегінде полигондарға жіберілетін қалдық көлемін азайтып, қайта өңдеу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», делінеді хабарламада.

Жоба тұрғын үй кешендерінің өзіне де пайда әкелмек, себебі, тапсырылған қайталама шикізат үшін ақшалай қаражат есептеледі. Бұл қаражат тұрғындар мен үйді басқару органдарының шешімімен аулаларды абаттандыруға, қажетті жабдықтар мен құрал-саймандар сатып алуға, сондай-ақ қалалық ортаның сапасын жақсартуға бағытталған өзге де бастамаларды жүзеге асыруға жұмсалуы мүмкін.

«Таза үй - Таза Ел» жобасы қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастыруға, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға және азаматтарды «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасын іске асыруға белсенді тартуға ықпал етеді», деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Астанада «Жасыл ел» жасақтары қала күніне орай ерекше флешмоб ұйымдастырды.