Референдум-2026

Балалар өз қолдарымен елорданың басты нысандарының шағын макеттерін жасады

Бүгін, 17:56
Думан Аманжол Думан Аманжол
Балалар өз қолдарымен елорданың басты нысандарының шағын макеттерін жасады
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Елорда күніне орай Бейбітшілік және келісім саябағында «Кішкентай құрылысшылар – үлкен Астана» атты іс-шара өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.

Іс-шарада балалар Астананың басты көрікті орындарының макеттерін көпшілік назарына ұсынды.

Балалар өз қолдарымен елорданың басты нысандарының шағын көшірмелерін жасаған. Олардың қатарында «Бәйтерек» монументі, Бейбітшілік және келісім сарайы, EXPO көрме кешені, «Нұрлы жол» теміржол вокзалы, Триумф аркасы, сондай-ақ LRT станциялары бар.

Сарайшық ауданы әкімінің орынбасары Шұғыла Құдайбергеннің айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – балалардың шығармашылық арқылы елорданың сәулеттік келбетін қалай қабылдайтынын көрсету. Өтінім қабылдау небәрі бес күнге созылғанына қарамастан, байқауға 45 бала қатысуға ниет білдірген. Ұйымдастырушылар енді байқауды дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр.

Балалардың макеттер көрмесінен бөлек, қонақтарға спорттық эстафеталар, шеберлік сабақтары, кітап көрмесі, LEGO аймағы, үстел ойындары мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін Montessori алаңы жұмыс істесе, тұрғындарға әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша кеңес беру бұрышы қызмет көрсетті.

Еске салсақ, Астанада республикалық жазба ақындар мүшәйрасының иегерлері марапатталды.