Саяси үрдістер алдағы жылдарда ел өміріне оң өзгерістер әкелетін болады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ana tili» газетінде жарық көрген «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбатын оқып шықтым. «Ерте тұрғанның етегі алтынға толар» демекші, Президенттің жаңа жылдың алғашқы күндерінде орталық басылымдарда осылайша сұхбат беріп, өткен жылды қорытындылауы, жоспар-басымдықтарды нақтылап, қоғамды толғандыратын барлық сұрақтарға ашық әрі жан-жақты жауап беруі дәстүрге айналып келе жатқанын және бұл саяси үрдістің еліміздің кем дегенде алдағы бір жылдық өміріне оң өзгерістер әкелетініне сенімім мол екенін айтқым келеді. Президенттің сұхбаты туралы Сенат депутаты Әлішер Сатвалдиев осылай деп пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Бұл ретте жыл сайынғы халыққа Жолдауда саясат пен экономиканың стратегиялық мәселелеріне баса назар аударылса, ал сұхбатта әлеуметтік-идеологиялық сипаттағы мәселелер көбірек қозғалып, онда өзекті тақырыптарға жауаптар берілген.
Қоғамды толғандырған сұрақтардың бірі – кезектен тыс парламент сайлауы туралы қауесеттер. Мемлекет басшысы қазіргі уақытта бұл үшін объективті алғышарттардың жоқ екенін атап өтті. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлының 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы төрағалығына ауысуына байланысты елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген қауесеттерге нақты жауап берілді. Президент: «Менің елімізді дамытуға қатысты талай жылға арналған ауқымды жоспарларым бар, оның бәрін жүзеге асыруға ниеттімін», – деп кесімді пікірін айтты. Бірыңғай уақыт белдеуі туралы өз ойын айта келе, ол 1 наурызға дейін жан-жақты зерттеулер жүргізілетінін және содан кейін нақты ұсыныстар әзірленетінін хабарлады», - деп жазды сенатор.
Сенат депутаты Президент сұхбатта Қаңтар оқиғасы туралы сұраққа жауап беру кезінде бұл оқиғаға қатысты барлық шаралардың қабылданғанын, тергеу жұмыстарының ашық өткенін, ел тарихында бұрын-соңды болмаған Парламенттік арнайы тыңдау ұйымдастырылғанын атап өткеніне тоқталды.
«Сонымен қатар заң үстемдігі демократияның ең биік шыңы екенін және «демократиялық құндылықтар» деген желеумен қоғамда іріткі салуға тырысатындардың түпкі мақсаты қазақ мемлекеттігін жою екенін айтты.
Сұхбат барысында қозғалған маңызды тақырыптардың бірі – «Әділетті Қазақстан» түсінігін нақтылау. Бүгінгі күнге дейін бұл тұжырымға қатысты кейбір азаматтар заңсыз иемденген активтерді қайтару процесін «меншік иелерін мүлкінен айыру» немесе «активтерді қайта бөліске салу» деп қабылдаған пікірлер айтқан еді. Бұл мәселеге байланысты Мемлекет басшысы: «Біз іштен іруге және жүгенсіздіктің белең алуына әкелетін мұндай жолмен жүрмейміз. Сондықтан кезінде кейбіреулерге орынсыз берілген артықшылықтар мен жеңілдіктерді алып тастау, заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару – популистік қадам емес, керісінше, әділдік қағидасына негізделген Қазақстанды жаңғырту стратегиясы», – деп нақтылады.
Шын мәнінде, заңсыз алынған қаржы мен активтерді қайтару бойынша атқарылған жұмыстың нәтижесінде 2022 жылдан бері мемлекет қазынасына 2 триллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Бұл қаржы мектептер мен маңызды инфрақұрылым нысандарын салуға және өзге де әлеуметтік міндеттерді орындауға жұмсалуда», - деді ол.